Ресейде өзбек құқық қорғаушысы Бахром Хамроев 14 жылға сотталды

Құқық қорғаушы Бахром Хамроев.

Мәскеудің аймақтық әскери соты "Мемориал" құқық қорғау орталығының бұрынғы қызметкері Бахром Хамроевты 14 жылға бас бостандығынан айырды. Бұл туралы "Мемориал" орталығы телеграм-арнасында хабарлады.

Сот құқық қорғаушыны "интернетте жария түрде терроризмге үндеді" және "террористік ұйымның ісін ұйымдастырды" деп таныған.

"Мемориал" құқық қорғау орталығының мәліметінше, сот үкімі бойынша, Хамроев үш жыл түрмеде болады, одан кейін жазасының қалған бөлігін қатаң режимдегі колонияда өтейді.

Мәскеулік журналистердің хабарлауынша, Бахром Хамроев сотқа "Саяси өрт қауіпті" деген жазуы бар плакатпен келген.

Бұған дейін прокурор Хамроевты 21 жылға соттауды сұраған.

Бахром Хамроев Ресейде мигранттардың құқығын қорғайтын "Ердам" қорына жетекшілік еткен, "Мемориал" құқық қорғау орталығында істеген.

Құқық қорғаушы былтыр ақпанда Facebook-тегі жазбасына байланысты ұсталған. Сол кезде "терроризмді насихаттады" деп айыпталған Хамроевты тергеу органдары тінтіп, ізінше тергеу изоляторына қамаған.

Ресейдің Федерациялық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) Хамроевтың жазбасынан Ресейде тыйым салынған "Хизб ут-Тахрир" ұйымын қолдау белгілері анықталғанын хабарлаған.

Былтыр қазанда құқық қорғаушының үстінен "террористік ұйымның ісін ұйымдастыру" бабы бойынша тағы бір қылмыстық іс қозғалды.

Әріптестері Бахром Хамроев кәсіби қызметіне байланысты қуғындалып отыр деп есептейді.

Өзбекстанның Бұхара облысынан шыққан құқық қорғаушы өз елінде оппозициялық "Бірлік" қозғалысының мүшесі болған, 1992 жылы саяси қудалауға байланысты Өзбекстаннан кетуге мәжбүр болған.

Хамроев 25 жыл бойы мигранттар мен босқындардың, мұсылмандардың құқықтарын қорғаумен айналысқан. Бұған дейін ФСБ мен Ресей ІІМ оның үстінен бірнеше рет қылмыстық және әкімшілік іс қозғаған.

Ислам Каримов режимін қатаң сынаған Бахром Хамроев Мәскеудегі Өзбекстанның бірінші президентіне арналған ескерткіш алдында наразылық акцияларын өткізген.