Қытайлық "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" акционерлері дивиденд мөлшері азайғанына наразылық білдірді

"СНПС-Ақтөбемұнайгаз" компаниясының алдында наразылық жасап тұрған акционерлер. Ақтөбе, 24 мамыр, 2023 жыл.

Қытайлық инвесторларға тиесілі "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" компаниясының акционерлері дивиденд мөлшері азайғанына наразы. Компаниядан "2022 жыл үшін әр акцияға 75 теңгеден беріледі" деген хабарлама алған 20 шақты адам сәрсенбі күні компанияның Ақтөбедегі бас кеңсесіне барды.

Наразылар әр жылдары "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" акционерлік қоғамында жұмыс істеп, зейнет демалысына шыққан. Зейнеткер Төрехан Қараманов компанияның 133 акциясына иелік етеді. Осыдан 10 жыл бұрын "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" компаниясының кірісінен жылына 1 млн 800 мың теңге алып жүрген. "Дивиденд мөлшері жылма жыл азайып келеді" дейді ол. Былтыр әр акция 5200 теңгеден бағаланып, Төрехан Қараманов 691 мың теңге дивиденд алған. Ал биыл әр акция 75 теңгеден есептелер болса, акционердің қолына 9975 теңге ғана тиеді.

– "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" – өте табысты компаниялардың бірі. Ақтөбе обысында өндірілетін мұнайдың 90 пайыздан астамы "СНПС-Ақтөбемұнайгаздың" үлесінде. Сөйте тұра, қытайлық инвесторлар акционерлерге компания табысынан берілетін дивидендтерді жыл сайын біртіндеп азайтып келеді. Меніңше, бұл – барып тұрған әділетсіздік. Өз басым мұнай саласында 25 жыл жұмыс істеп, зейнет демалысына шыққан адаммын, – дейді Төрехан Қараманов.

"СНПС-Ақтөбемұнайгаз" компаниясының маңында наразылыққа шығып тұрған акционерлер. Ақтөбе, 24 мамыр, 2023 жыл.

Дивиденд даулаушылар "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" компаниясының бас кеңсесіне осымен үшінші рет келіп тұрғанын айтты. Сөздеріне қарағанда, бұл – мұнай компаниясының акцияларына иелік ететін мыңдаған адамның проблемасы. Дивиденд даулаушылар ынталы топ құрып, бұл жолы өз ортасынан 20 шақты адамды бас кеңсеге жіберген.

– Осыдан екі апта бұрын тап осы жерге он шақты адам келіп кеттік. Басшыларымен кездестік. "Қазір жағдай онша емес. Халықаралық жағдайға байланысты біз осындай шешім қабылдадық" деді. Біздің талап етіп отырғанымыз – кәсіпорын былтыр тапқан пайдасынан үлесімізді берсін! Сол пайдада осы тұрған адамдардың әрқайсысының үлесі бар. Кезінде осында жұмыс істеп, денсаулығын құртып, зейнетке шықты. Қартайып дивидендке аузын ашып отырған кезде бұлар итке сүйек лақтырғандай бізге 75 теңгеден бергісі келіп отыр. Біз осыған наразымыз, – дейді Бауыржан Бекмағанбетов.

Наразы топ күзеті күшті кеңсеге кіре алмады. Оларды сырттай полиция бақылап тұрды. Өзін "құқықтық қызмет департаментінің қызметкерімін" деп таныстырған Тимур Каюповтың сөзінше, компания басшылары жұмыс орнында жоқ. Сол себепті акционерлер талап арыздарын жазбаша тапсыруы керек.

"СНПС-Ақтөбемұнайгаз" компаниясының баспасөз қызметі журналистер сауалына мүлдем жауап бермеді.

"СНПС-Ақтөбемұнайгазға" кіре алмаған акционерлер сәрсенбі күні прокуратураға барып арызданды. Олар компания басшыларының акционерлерді қабылдамауы "заңсыздық" деп санайды.

Қытай билігіне қарайтын CNPC (China National Petroleum Corporation) "Ақтөбемұнайгаз" акционерлік қоғамы акциясының басым бөлігін тендер арқылы 1997 жылы жеңіп алған. 1997 жылы сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай мемлекеттік кеңесі вице-премьері Ли Ланьцин Алматыдағы президент сарайында "Ақтөбемұнайгаз" акциясын сату бойынша келісімшартқа қол қойған.

Egov-тағы ақпаратқа қарағанда, компанияның Ақтөбеде және Ақтөбе облысында орналасқан 11 филиалы бар. 12-филиалы Астанада.