Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 24 мамырда Мәскеуде Еуразия экономика форумында сөйлеген кезде Ресей мен Беларусь интеграциясына және ЕАЭО-ның өзге мүшелері арасындағы қарым-қатынастың айырмашылығына назар аударды.
Тоқаевтың сөзінше, Беларусь пен Ресей одағы "екі ел – бір мемлекет" деген формулаға негізделген.
Қазақстан президентінің сөйлеген сәтінен видеоны Беларусь басшысы Александр Лукашенконың баспасөз қызметі жүргізетін "Пул первого" телеграм-арнасы да жариялады.
"Біз ескеруге тиіс концептуал шындық немесе ерекшелік бар. Бұл – Еуразия экономика одағы аясындағы Ресей мен Беларусь одағы. Яғни әлемдік саясат тарихында бірегей құбылыс пайда болды – саяси, заңнамалық, әскери, экономикалық, валюталық, мәдени, гуманитарлық кеңістігі бір, біртұтас одақ үкіметі мен біртұтас одақ парламенті бар "Екі ел – бір мемлекет" формуласы бойынша мемлекет құрылды. Кешіріңіз, тіпті қазір екеуінің ядролық қаруы да ортақ" деді Тоқаев.
Тоқаевтың сөзінше, ЕАЭО-ның қалған елдерінің позициясы бөлек.
"Бірақ Қазақстан, Қырғызстан және Армения интеграцияның басқа деңгейінде тұр. Осы шындықпен санасуымыз керек. Осындай жағдайда қалай жұмыс істейміз. Бұл – концептуал мәселе. Менің ойымша, осы экономикалық форумда аталған мәселені талқылауымыз керек" деді ол.
Қазақстан президентінің сөзі желіде қызу талқыланды. Кей сарапшылар Тоқаев "одақ ішіндегі одақ" ЕАЭО-ның мәселесі екенін аңғартты деген пікір айтты.
Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Facebook-тегі парақшасында Тоқаевтың сөзінен үзінді келтірді. "Біз үшін 2015 жылғы шартта көрсетілгендей, ЕАЭО аясындағы интеграция ең алдымен экономикалық сипатқа ие" деп жазды.
"Экономикалық интеграция – түпкі мақсат емес. Бұл тек ұйымға мүше мемлекеттердің экономикасын дамытудың және халықтарының әл-ауқатын жақсартудың бір құралы екенін түсіну маңызды. Сондықтан экономикалық интеграцияның жетістігі стратегиялар, келісімдер және шешімдердің санымен емес, керісінше, жаңа өндірістер, технологиялар және жұмыс орындарымен бағаланады" деді Тоқаев.
- Армения, Беларусь, Қазақстан және Қырғызстан Мәскеу жетекшілік ететін Еуразия экономика одағына мүше. Одаққа мүше елдер өзара тауар еркіндігіне келіскен. Ресей іс жүзінде ЕАЭО елдерін өз өнімдерін өткізетін нарыққа айналдырған. Қырғызстан ЕАЭО ішкі нарығындағы кедергілер жөнінде жиі айтып келеді.