Армения мен Әзербайжан бір-бірінің аумақтық тұтастығын мойындауға келісті

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев пен Армения премьер-министрі Никол Пашинян.

Армения мен Әзербайжан бір-бірінің аумақтық тұтастығын мойындауға келісті. Бұл туралы Армения премьер-министрі Никол Пашинян ЕАЭО кеңесінің отырысында мәлімдеді.

Пашинянның айтуынша, Армения көлік және экономика дәліздерінің бәрін ашып, Әзербайжанмен аймақтық байланыс орнатуға әзір.

Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиев "Баку мен Ереван бейбіт келісімге келуі мүмкін, оның үстіне, Армения Таулы Қарабақты Әзербайжанның бір бөлігі ретінде мойындады" деп мәлімдеді. Әлиев Әзербайжанның Арменияға жерге қатысты талабы жоқ екенін де айтты.

"Коммерсантъ" мәліметінше, Армения мен Әзербайжан басшыларының келіссөздері нәтижесінде екі құжатқа қол қойылады. Оның бірі көлік байланысын қалпына келтіруге қатысты. Ал екінші құжат – Әлиев, Пашинян және Владимир Путиннің екі елдің аумақтық тұтастығын тану жөніндегі бірлескен мәлімдемесі. Мұндай мәлімдемеге Армения мен Әзербайжан басшылары бесінші рет қол қойып отыр деп жазды басылым.

Армения мен Әзербайжан арасында Таулы Қарабақ төңірегіндегі шиеленіс 1980 жылдары, Совет Одағы ыдырай қоймаған тұста басталған. Бұл аумақта армян этносының өкілдері тұрған, бірақ жер Әзербайжанға тиесілі болған. Сол жылдардағы соғыстың салдарынан Армения Таулы Қарабақтың едәуір бөлігін басып алған.

2020 жылы күздегі алты апталық соғыстан кейін Әзербайжан сол жерлерді қайтарып алды. Соғыс Ресейдің бітімгер әскерінің кіруімен аяқталды.

Содан бері екі ел басшылары бейбітшілік келісімін жасау мақсатында бірнеше мәрте кездескен.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Таулы Қарабақ келісімі: Армения мен Әзербайжанға қай жерлер бұйырды?Таулы Қарабақтағы келісімнің бас жеңімпазы – РесейАрмения Әзербайжанды "тұтқындағы армян жауынгерін азаптап өлтіріп, денесін қорлады" деп айыптады СІМ: Арменияға қазақстандық бітімгерлерді жіберу мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқТаулы Қарабақтағы Лачин қаласы Әзербайжан бақылауына өтті