"Проект": Нидерландта Путиннің қызының бұрынғы серігіне тиесілі жер теліміне тыйым салынды

Йоррит Фаассен. "Настоящее время" телеарнасының зерттеуінен алынған скриншот.

Нидерланд прокуратурасы Амстердамға жақын елді мекенде Ресей президентінің қызы Екатерина Воронцованың бұрынғы серігіне тиесілі жер теліміне тыйым салды. Бұл жөнінде "Проект" жобасы мен Нидерландтың Follow the Money және британиялық The Guardian басылымдары бірігіп жасаған зерттеуде айтылады.

Зерттеушілердің мәліметінше, Йоррит Фаассеннің жеріне 12 мамырда шектеу қойылған. Бұл кәсіпкерге қылмыстық іс қозғалуы мүмкін екенінен хабар береді. Дегенмен заңгерлер әзірге кәсіпкерге нендей айып тағылғаны белгісіз екенін айтып отыр.

Фаассеннің таныстарының бірі журналистерге Воронцованың бұрынғы серігі жуырда ғана Нидерландқа ұшып келгенін, алайда құқық қорғау органдары оған назар аудара бастағаннан кейін Ресейге ұшып кеткенін айтқан. Ақпаратқа қарағанда, кәсіпкерді жақында Амстердам әуежайында "санкциядан жалтару ісі" бойынша тергеген болуы мүмкін, алайда ақпарат ресми түрде расталған жоқ.

Follow the Мoney басылымының жазуынша, тыйым салынған жер телімі Путиннің айналасындағы кәсіпкерлердің бірі ағайынды Борис және Аркадий Ротенбергке тиесілі құрылымның иелігінде болған.

Зерттеушілердің айтуынша, Фаассен аталған жер телімін 2019 жылы 450 мың еуроға сатып алып, онда тұрғын үй мен алты кеңсе салмақ болған. 2021 жылы құрылысқа рұқсат сұраған, ал 2022 жылы жергілікті билік Путин отбасымен байланысы үшін Фаассенге рұқсат бермеген.

Былтыр наурыз айында Фаассеннің жер теліміне Украина туы ілініп, Воронцоваға үндеу жарияланды. Авторлар Воронцованы әкесін соғысты тоқтатуға көндіруге үндеген.

Ресейдің Украинаға басып кіруіне байланысты Путиннің қыздары Мария Тихонова мен Екатерина Воронцоваға 2022 жылы сәуірде Еуроодақ пен АҚШ санкция салған. Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков сол кезде журналистерге Кремль бұған міндетті түрде жауап беретінін айтқан. Осылайша Мәскеу Тихонова мен Воронцованың президент Путиннің жақындары екенін алғаш рет ресми түрде мойындаған. Бұған дейін журналистер Мария мен Екатеринаны Ресей президентінің қызы болуы мүмкін екенін тұспалдап қана айтқан.

"Медуза" басылымы мен "Настоящее время" телеарнасы былтыр сәуір айында Йоррит Фаассеннің Екатерина Воронцовамен арадағы некесі ресми түрде тіркелмегендіктен, екеуі шектеулерден жалтарып жүргенін жазған. Воронцова мен Фаассен кемінде 8 жыл бірге (2008-2016 жылдар) тұрған. Олардың Роман атты баласы бар.

Бір жыл бұрын Follow the Money басылымы Фаассен 16 жылдан бері Мәскеуде тұрып келе жатыр деп жазған. "Медуза" басылымы мен "Настоящее время" телеарнасы дереккөздерінің хабарлауынша, 2014 жылға дейін кәсіпкер мен Воронцова бірнеше ай Нидерландта тұрған, алайда Донбасста малайзиялық ұшақ атып түсірілгеннен кейін Путин қызы мен немересі Ресейде тұрғанын қалаған. Осыған дейін Фаассен журналистерге Путиннің отбасына қатысы жоғын айтып келген.