Ресей басқыншылығы басталғалы бері Украинада соғыста кемінде 24005 ресейлік әскери қызметкер қаза болған, 2 293-і – мобилизацияланғандар. Олардың аты-жөнін "Медиазона" мен BBC-дің Орыс қызметі анықтаған.
Ашық дереккөздер мен ақпарат құралдарында жарияланған қазанама, әлеуметтік желідегі хабарламалар арқылы журналистер мен еріктілер кейінгі екі аптада Украинада кемінде 1361 ресейлік әскери қызметкер қаза болғанын анықтаған.
Кейінгі айларда қаза болғандардың едәуір бөлігі – түрмеден соғысқа алынған тұтқындар. Зерттеушілер Украинадағы соғыста кемінде 4315 тұтқын қаза болғанын растай алған.
Мобилизация нәтижесінде соғысқа барып, қаза болған 2293 адамның жартысынан астамы 2022 жылдың 1 желтоқсанынан бергі кезеңде мерт болған. Дәл сол шақта Ресей армиясы Донецк пен Луганск облыстарының бірнеше ауданында шабуылға шығуға тырысқан еді.
Қаза болған әскери қызметкерлердің тегі бойынша Свердлов облысы мен Краснодар өлкесі алда тұр. Осы аймақтардан соғысқа көбірек адам қатысқан.
Зерттеушілер соғыста қаза болғандар бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін деп ескертеді. Қаза болғандардан бөлек, із-түзсіз жоғалғандар мен тұтқынға түскендердің саны белгісіз.
Бұған дейін "Вагнер" жекеменшік әскери компаниясының негізін қалаушы Евгений Пригожин медиатехнолог Константин Долговқа берген сұхбатында Украинадағы соғыста былтыр ақпаннан бері 20 мың вагнерлік қаза болды, жартысы - түрмедегі тұтқындар деп мәлімдеген еді.
Ал Америка барлау қызметіне сүйенген АҚШ ұлттық қауіпсіздік кеңесінің стратегиялық коммуникация жөніндегі үйлестірушісі Джон Кирби 2023 жылдың басынан бері Ресей Украинада 20 мың жауынгерінен айырылды, жартысы – вагнерлік екенін айтқан. Оның сөзінше, қаза болғандардың едәуір бөлігі – Бахмутта өлген. Одан бөлек, тағы 80 мың Ресей жауынгері осы және өзге бағыттағы соғыстарда мерт болған.
Ресей қорғаныс министрлігі Украинадағы соғыста қанша әскерінен айырылғанын айтпайды. Соңғы рет ведомство былтыр қыркүйекте 5937 әскери қызметкер қаза болғанын мәлімдеген.