Жексенбіден дүйсенбіге қараған түні Ресей Украина жерін тағы да жаппай атқылады. Қанатты зымырандар мен дрондар пайдаланды.
Украинаның әуе қорғанысы Киев төбесінен Ресейдің 40 дроны мен қанаты зымыранын атып құлатты деп хабарлады Украина астанасы әскери әкімшілігінің басшысы Сергей Попко. Оның сөзінше, мамыр айы басталғалы Киевке 15 рет шабуыл жасалған.
Киев мэрі Виталий Кличко зымыран сынықтары қала үстіне құлағанын, бірақ зардап шеккендер жоқ екенін хабарлады. Инфрақұрылым нысандарына да залал тимеген.
Одессада дрон құлаған жерден өрт шыққан. Николаев, Винница, Полтава, Кировоград, Житомир, Хмельницкий және Львов облыстарына да шабуыл жасалған.
Хмельницкий облысында аэродромға, кей ақпарат бойынша, әскери әуе күштерінің базасына дрон құлап, өрт шыққан, ұшақ қонатын жол бұзылған.
Украина қарулы күштерінің мәліметіне қарағанда, түнде Ресейдің 37 қанатты зымыраны, 29 дроны мен бір барлаушы дроны жойылған.
Жексенбіде Украина қорғаныс министрі Алексей Резников Украина қысқа қарай әуе қоғанысын күшейте түсетінін мәлімдеген. Министрдің сөзінше, осылайша ірі қалалар ғана емес, бүкіл Украина аспаны қауіпсіз болады.
Ресей қорғаныс министрлігі Украинаға шабуылы туралы түсініктеме берген жоқ. Ресей Украинаны ұдайы атқылап келеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресей Киевке ирандық "Шахид" дрондармен шабуыл жасағаны хабарланды