"31 мамыр" комитетінің өкілі Нұрлан Әміреқұлов полиция белсенділерді ұстап, түрлі тосқауыл жасағандықтан, 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған шеру өтпейтінін хабарлады. Ол бұл сөзін сәрсенбі күні Алматыда Ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш орнатылған саябаққа келген кезде айтты. Оның сөзінше, бүгін полиция оның да саябаққа келуіне кедергі жасаған.
31 мамырда таңертең шеруді ұйымдастырмақ болған белсенділерді полиция үйден шығармай отырғаны, кемінде бір белсендіні үйінің алдында ұстап әкеткені хабарланған.
Сәрсенбі күні ескерткіш маңына жиналғандар билікке бірнеше талап қойды:
- Саяси қуғын-сүргін, Ашаршылық және депортация құрбандарына арналған азалы күн жариялау. Оны Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханов атылған күнге (27 қыркүйек) сәйкестендіру;
- Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнін демалыс деп жариялау. Қазақстан мен елдің шетелдегі дипломатиялық өкілдіктерінде туды түсіру. Қуғын-сүргін құрбандарын үнсіздікпен еске алу.
- Жыл сайын Ашаршылық, саяси қуғын-сүргін және сталиндік депортация құрбандарын еске алу шеруін өткізу.
Комитет өкілдері қуғын-сүргін құрбандарын аза тұту шеруін 27 қыркүйекте өткізетінін мәлімдеді.
Бұған дейін "31 мамыр" қоғамдық комитетінің белсенділері сәрсенбі күні қалада шеру жасап, аза тұту митингісін өткізетінін айтқан. 31 мамырда Алматы қалалық прокуратурасы Саяси қуғын-сүргін және Ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай қалада шеру өткізбек болған белсенділерге ескерту жасады. Прокуратура бейбіт жиын туралы заңнаманы бұзғандар 25 күнге қамалатынын ескертіп, жұртқа митингіге қатыспауды ескерткен.
Ақпаратқа қарағанда, белсенділер аза тұту шеруін өткізбейтінін хабарлаған соң, Ашаршылық құрбандарына арналған саябақ маңында полиция қарасы азайған.
Дегенмен Алматыда биліктің ескертуіне қарамастан, саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу митингісіне 200 адам қатысқан. Саябақ маңында полиция көліктері мен арнайы жасақ толы бірнеше автобус болды. Олар саябаққа келген белсенділерді бақылап тұрды.
Құқық қорғаушылар мен белсенділер елде билікті сынап пікір айтқандар жиі қудаланады десе, ресми Астана мұны жоққа шығарады.