31 мамырда, Қазақстан халқы Саяси қуғын-сүргін және Ашаршылық құрбандарын еске алып жатқан күні Шымкентте Қаңтар оқиғасында қаза болғандардың туыстары әкімдік алдындағы алаңға жиналып, қайтыс болған жақындарын еске алып, Құран оқыды. Олар қайтыс болған жақындарын "саясат құрбандары" деп есептейтінін, қаза болған қаңтаршыларға арнайы күн белгіленгенге дейін оларды 31 мамырда еске алатынын айтты.
– Қаңтар оқиғасы кезінде балаларымыз осы алаңда қайтыс болды. Сол үшін осы алаңға келіп, еске алып жатырмыз. Біздің балаларымызға арнайы мәртебе берілген жоқ. Арнайы күн белгіленсе, сол күні атап өтер ме едік, – деді Қаңтарда қаза болған Нұрболат Алпамыстың әкесі Мұрат Әбдірайымов Азаттыққа.
Жиналғандар жақындарының қазасына кінәлілер әлі күнге дейін жазаланбағанын, жақындарының өлім құпиясы әлі күнге дейін ашылмағанын айтты. Бұған дейін қалада Қаңтарда қаза болғандардың өліміне қатысты іс жабылғаны хабарланған.
Сәрсенбі күні марқұмдардың туыстарының шағын акциясына билік жағынан ешкім реакция білдірмеді. Жиналғандар "Қасірет" мемориалына барып, гүл қойды. Содан кейін тарады.
Азаттық тілшісі әкімдік пен мемориал маңынан полицейлерді көрмеді.
Шымкентте Қаңтар оқиғасы кезінде 20 адам қаза болған. Бастапқыда құқық қорғау органдары оларға "жаппай тәртіпсіздік" бабы бойынша айып тағуға тырысқанымен, дәлел таба алмай, ақыры істері жабылып, қаза болғандар жәбірленуші деп танылған.
31 мамырда Алматыда белсенділер жоспарлаған саяси қуғын-сүргін мен Ашаршылық құрбандарын аза тұту шеруі өтпей қалды. Сәрсенбі күні қалада Ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш маңын полиция бақылауға алып, кей белсенділер ұсталғаны хабарланды.