Украинаның Херсон облысындағы Каховка су электр станциясы жарылып, төңірегін су ала бастаған. Бұл жөнінде билік құрылымдарының ақпаратына сүйеніп, ТАСС хабарлады.
Бұған дейін Baza және Shot телеграм-арналары Каховка СЭС-і жарылғанын хабарлаған. Олар бөгетті "украин әскери қызметкерлері" жарғаны туралы фотосуреттер мен видео таратқан.
Новая Каховка мэрі Владимир Леонтьев Каховка СЭС-і жарылғаны туралы ақпаратты "сандырақ" деп, теріске шығарғанын "РИА Новости" хабарлады. Оның сөзінше, "түнгі соққылардан су өткізетін қақпа бұзылып, су қатты екпінмен ағып жатыр".
Жергілікті биліктің айтуынша, су бес сағаттан соң қауіпті деңгейге жетеді. Қазір су алған қауіпті аудандардан жергілікті тұрғындарды эвакуациялау басталған.
Каховка СЭС-і жарылғаны туралы ақпаратты Украина қарулы күштерінің "Оңтүстік" әскері растаған. Олар Ресей әскерін кінәлаған.