Былтыр қамаудан шыққан белсенді Қайрат Қылышев түрмеге ауыстырылды

Сотта "Құрметті Еуроодақ, АҚШ, Канада, сіздерден [шара қабылдауды] сұраймыз" деп жазылған қағаз ұстап тұрған белсенді Қайрат Қылышев. Алматы, 28 қыркүйек, 2021 жыл.

Былтыр қамаудан босап шыққан белсенді Қайрат Қылышев түрмеге ауыстырылды. Бұл жөнінде белсендінің әйелі Жанар Сарықұлова хабарлады.

– 8 маусымда шешім шығарып, "пробацияны бұзды" деген айыппен сот залынан Қаскелеңнің изоляторына қамады, – деді әйелі Азаттыққа.

Оның сөзінше, күйеуі түрмеге қамайтындай ереже бұзбаған. Бірақ сотта ол "екі рет ереже бұзды" деп айтылған.

Жанар Сарықұлованың сөзінше, белсенді қалған 1,5 жыл жазасын түрмеде өтейді.

Адвокаты Шынқуат Байжанов Қылышев түрмеге ауыстырылғанын растады, бірақ қазір Алматыда емес екенін айтты.

Белсенді Қайрат Қылышев 2021 жылы 11 қазанда "тыйым салынған ұйым жұмысын ұйымдастырды және оған араласты" деген айыппен (405-бап, 1, 2-бөліктері) бес жылға бас бостандығынан айырылған. Былтыр көктемде сот оның қалған жазаны шарттыға ауыстыру туралы өтінішін орындап, белсенді қамаудан шыққан еді.

Қоғамдық-саяси мәселелерге байланысты түрлі акцияға қатысып жүрген белсендіні тыйым салынған, тіркелмеген "Көше" партиясын құруға араласты деп айыптаған еді. Қазақстан билігі бұл ұйымды оппозициялық саясаткер, экс-банкир Мұхтар Әблязов жетекшілік ететін "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысымен байланыстырады. Екеуін де Қазақстан билігі экстремистік ұйым деп таныған. Бірақ Еуропарламент екі қозғалысты "бейбіт оппозициялық ұйымдар" деп атайды.