Өскеменде белсенділер "митингіге рұқсат бермейтіні" үшін қала әкімі Жақсылық Омармен соттасқаннан кейін көп ұзамай алғаш рет келісім алып, бейбіт жиын өткізді.
Кеше, 8 маусымда өткен митингіде "Бипэк-Авто – Азия-Авто" компаниялар тобының "қаржы жымқыру" ісі бойынша тергеліп жатқан топ-менеджерлерінің туыстары түрмедегі азаптау жөнінде айтты.
– 2021 жылы 25 қаңтарда оларды (Шығыс Қазақстанда "Бипэк-Авто – Азия-Авто" компаниялар тобының "қаржы жымқыру" ісі бойынша тергелген сегіз топ-менеджері – ред.) басына қап кигізіп, Семейден Астанаға жеткізді. Астанадағы №12 тергеу изоляторына алып барды. Онда басынан, аяқ-қолынан ұрған. Бастарын унитазға батырған. Таңғы сағат 6-дан түнгі сағат 2-ге дейін бір сызықтың бойында тұруға мәжбүрлеген. Кейбіреулері есінен танып құлаған. Оларды су шашып оятып, қайтадан сапқа тұрғызған. Ұсталған сегіздің біреуі – 60 жастағы Александр Толстиков ауыр соққыдан 10-ға тарта микроинсульт алды. Бәрінің денсаулығына зақым келді. Менің күйеуімнің бұлшықеті бөлінді, – деді "Бипэк-Авто – Азия-Авто" компаниялар тобының күдікке ілінген менеджерлерінің бірі Игорь Потаповтың әйелі Надежда Потапова.
Ақпаратқа қарағанда, азапталғанын айтқан Игорь Потаповтың шағымы бойынша ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері тергелген. Бірақ Бас прокуратура 20 мамыр күні таратқан хабарламасында одан "психикалық азапталғаны анықталмағанын, дене жарақаты табылмағанын" жазды. Потапов жәбірленушілер қатарынан алынған.
"Бипэк-Авто – Азия-Авто" компаниялар тобының өзге қызметкерлері де осыған ұқсас себеппен жәбірленушілер қатарынан шығарылған.
Жиналғандар "Өлтірмегені азаптау болмағанын білдіре ме?", "Азаптау істеріне жаңа тергеушілер құрамымен әділ тергеу жүргізсін!" деген жазуы бар плакаттар ұстап келген. Олар Астана қаласы арнайы прокурорлар басқармасының басшысы Ербол Әубәкіров пен Шығыс Қазақстан облысы прокуроры Алмат Байшолақовтың отсавкаға кетуін талап етіп ұрандады.
Сонымен бірге "азаматтық ұстанымдарын айтуға мүмкіндік бермейтін" қала әкімі Жақсылық Омар және мәселелеріне "назар аудармаған" ШҚО әкімі Даниал Ахметов те отставкаға кетсін деген талап айтылды.
Митингіде аты аталған шенеуніктер жаңалық жарияланғанға дейін тұрғындардың талабына түсініктеме бермеді.
- Шығыс Қазақстанда "Бипэк-Авто – Азия-Авто" компаниялар тобының төп-менеджерлеріне қатысты "қаржы жымқыру" ісімен тергеу жүргізіліп жатыр. 2021 жылы қыркүйекте компаниялар тобының топ-менеджері қамауға алынып, бір жыл бір айдан кейін үйқамаққа ауыстырылған. 2021 жылғы тамызда Қазақстан билігі "Бипэк-Авто – Азия-Авто" компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы Анатолий Балушкинге іздеу жарияланғанын хабарлаған. Қазақстан соты оны қамауға алу жөнінде сырттай санкция берген. Балушкин мен оның командасы сот шешіміне қарсы бірнеше рет шағым түсірген.
- Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі "компания автокөлік құрастыру жөніндегі міндеттемесін орындамады" деп мәлімдеп, үкімет 10 жылға жеңілдікпен алған 174 миллиард теңгені (қазіргі бағаммен 371 миллион доллар) мемлекетке қайтарып беруді талап еткен. "Азия Авто" акционерлік қоғамы қосымша құн салығынан және кедендік төлемдерден босатылып, утилизациялық алымды қайтару есебінен ынталандырылған.
- Белсенді Леонид Карташов Өскемен әкімі Жақсылық Омардың үстінен Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына арыз түсірді. Оның айтуынша, былтырдан бері митинг өткізуге ондаған өтініш берілген, қала әкімдігі үнемі "рұқсат етпейді". Белсендінің шағымын 29 мамырда сот қарауға алды.
- Қазақстанда 2020 жылы "Бейбіт жиын туралы" жаңа заң қабылданғанымен, құқық қорғаушылар азаматтардың бейбіт жиын өткізу және жиналу құқығы әлі шектеліп отырғанын сынайды. Көп жағдайда азаматтардың бейбіт шеру өткізу туралы өтініші орындалмайды. Билік көбіне сол күні өзге шара өтетінін алға тартады. Ал "рұқсат етілмеген" шараға келгендер әдетте ұсталып, әкімшілік жауапқа тартылады. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Астананы осы шектеулерді алып тастауға үндеген.