Қамаудағы журналист Думан Мұхаммедкәрімге жаңа айып тағылды 

"Бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп айыпталып, 25 күнге қамалған Думан Мұхаммедкәрімнің босап шыққан сәті. Екі күннен соң қайта қамалған. Алматы облысы, 26 мамыр, 2023 жыл.

Қамаудағы журналист Думан Мұхамедкәрімге "террористiк немесе экстремистiк әрекетті қаржыландыру және терроризмге не экстремизмге өзге де дем берушілік" (Қылмыстық кодекстің 258-бабы) бабы бойынша айып тағылған. Бұл туралы 9 маусымда Азаттыққа журналистің адвокаты Ғалым Нұрпейісов хабарлады.

– Думан Мұхаммедкәрімге қатысты 258-баптың 1-бөлігі бойынша іс қозғалды. Бұған дейін қозғалған 405-баппен біріктіріліп жатыр. Негізгі іс 258-баппен жүреді. Бізде жаңа ғана 258-бап бойынша қозғалған іс аясында жауап алынды. Думан қорғануға құқығы бар куә ретінде сұрақтарға жауап берді. Іс Әблязовпен болған сұхбатқа қатысты. Өзге ақпарат айта алмаймын, – деді адвокат Ғалым Нұрпейісов.

Билікті қатаң сынап жүрген журналист Думан Мұхаммедкәрім 28 мамырда "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деген айыппен 25 тәулікке қамалған. Журналист изоляторда сот шешіміне қарсылық білдіріп, өзге де талаптар айтып, аштық жариялаған.

– 10 күннен бері тек су ішіп жатыр. Бүгін жауап алуға келгенде екінші қабатқа әрең көтерілді. Өте әлсіз. Арықтап кеткен. Күші жоқ, – деді адвокат.

Бұған дейін оның жақтастары 28 мамырда журналистің заңсыз ұсталуына байланысты құқық қорғау органдарынан тексеріс жүргізуді талап еткен. Полиция өкілдері тексеріс жалғасып жатқанын хабарлаған.

Өткен аптада журналистің әкесі Алмаз Тілепов ұлын босатуды талап етіп, аштық жариялаған. Осы аптада ол жергілікті прокуратура алдына барып, акциясын жалғастырғанымен, ізінше қан қысымы көтеріліп, аштықты тоқтатқан.

"Не дейді?" YouTube-арнасының авторы Думан Мұхаммедкәрім 1 мамыр күнгі оппозиция митингісі қарсаңында қамалып, изолятордан 26 мамырда ғана босап шыққан еді. Екі күннен соң қайта қамауға алынды. Наурыздағы парламент сайлауынан бері ол осымен үшінші рет қамалып отыр.

Қазақстанда құқық қорғаушылар билікті "бейбіт жиын өткізіп, пікірін ашық айтқысы келгендерді, билікке наразыларды қудалайды" деп жиі сынайды. Ресми Астана елде саяси қудалау барын жоққа шығарады.