Бұрын түрлі лауазымды қызметтер атқарған Бердібек Сапарбаев қайтыс болды

Бердібек Сапарбаевтың еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тұрған кезі.

Бұрын түрлі жоғары лауазымды қызметтер атқарған Бердібек Сапарбаев 71 жасында қайтыс болды, деп хабарлады жергілікті БАҚ.

Кейінгі кезде ол QazBioPharm ұлттық биофармацевтика холдингінің директорлар кеңесіне жетекшілік еткен.

Оған дейін Сапарбаев Жамбыл облысының әкімі болған. Бұл қызметінен Қаңтар оқиғасынан кейін үш айдан соң кетті.

Былтыр жыл басында болған жаппай наразылықтың соңы кейбір қалаларда тәртіпсіздікке ұласып, күштік құрылымдар оқ атқан. Ресми мәлімет бойынша, кемінде 238 адам қаза болған, 15-і Таразда опат болды.

Бердібек Сапарбаев жылдар бойы үкімет пен аймақ әкімдіктерінде басшылық қызметтер атқарған. Екі рет – 2014-2015 және 2019-2020 жылдары вице-премьер болды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін де екі рет басқарған (2007-2009 және 2019 жылы бірнеше ай). Әр жылдары бес облысқа жетекшілік еткен: Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан облысы), Шығыс Қазақстан, Ақтөбе және Жамбыл облыстары.

Сапарбаев ескі гвардиядағы шенеуніктер қатарына жатқызылған. Мемлекеттік қызметте 40 жылдан астам еңбек еткен.