Украинның 68-жеке егерь бригадасы Facebook-те Донецк облысындағы Благодатное елді мекенін қайтарып алғанын растайтын видео жариялады.
Видеода Украина солдаттарының соғыста бүлінген ғимаратқа ту тігіп жатқаны көрсетілген. Ресей солдаттары тұтқынға алынған. Егжей-тегжейлі айтылмаған.
Украина қарулы күштерінің Таврия бағытындағы өкілі Валерий Шершень Донецк облысының Угледар қаласына таяу тұстағы Благодатное селосы туралы сөз болып отырғанын нақтылады. Великая Новосёлка селосының оңтүстік жағында кейінгі күндері шайқас болып жатқаны, Украина әскері шабуылға шыққаны хабарланған.
Украина әскері мен ресми тұлғалары майдандағы жағдай туралы айтпайтыны байқалады. Ресей өкілдерінің сөзіне қарағанда, Украина қарымта шабуылға шыққан. Украина Благодатное селосы азат етілгені жөнінде ғана алғаш рет ресми түрде хабарлады.
Майданның осы бағытында Нескучное селосы да азат етілгені жайлы хабар тарап жатыр. Бұл жөнінде еріктілердің "Арей" бөлімшесі ақпарат таратқан.
Бұған сүйенген Украинаның DeepState телеграм-арнасы Ресей әскері Немирович-Данченко мемориал музейін тонап, жойғанын жазған. Оны растайтын тәуелсіз ақпарат жоқ.
Жексенбінің кешінде Украина қорғаныс министрінің орынбасары Анна Маляр осы бағытта тағы бір село – Макаровка да алынғанын хабарлаған. Бұл ақпаратқа қарағанда, Макаровка мен Благодатноенің арасында Сторожевое селосы да азат етілген болуы мүмкін.
Ресей телеграм-арналары Украина әскерінің "сәтсіздіктері" туралы көбірек жазып жатқаны аңғарылады. Олардың көбі жексенбіде Нескучное мен Благодатное Украина әскерінің қолына өткенін растаған, бірақ Ресей әскерінің қорғанысы бұзылған жоқ деген.
- Сенбіде Украина президенті Владимир Зеленский шабуыл жөнінде хабар таратқан. Киевте Канада премьер-министрі Джастин Трюдомен келіссөзден кейін өткізген баспасөз жиынында "Украинада белгілі бір деңгейде қорғаныс және қарымта шабуыл жүріп жатыр, бірақ оны нақты айтпаймын" деген болатын.
- Украина қорғаныс министрлігінің бас штабы кейінгі жылдары дайындық жүргізіліп жатқан жаппай шабуыл басталған-басталмағаны туралы нақты ақпарат таратпады.