Ресей президенті Владимир Путин Ресейдің блогерлері мен әскери тілшілерімен кездесу кезінде Украинаға шабуыл жасағалы бері "орыс армиясының шығыны Украинадан 10 есе аз екенін, Украина еш жерде жетістікке жетпегенін" айтты.
Алайда ол қайтыс болғандар мен жараланғандардың нақты санын айтпады. Оның сөзінше, Ресей әскері 54 танкісінен айырылған. Ал Украинаның жойылған танкілері 160-тан асады және 360 беренді машинасы атқыланды деді. Путиннің айтуынша, бұл – шетелден келген техникалардың 25-30 пайызы.
Украина президенті Владимир Зеленский таяуда, керісінше, орыс әскерінде көп шығын болғанын мәлімдеген.
Ресей президенті Мәскеу Каховка СЭС-ін жаруға мүдделі емес екенін айтып, Украинаны айыптады.
"Дұрысы – олар сол жерде шабуыл бастауы керек еді. Біз үшін бұл ұтымды, олар үшін тиімсіз болды. Енді мынадай тасқыннан кейін шабуыл болмады" деді ол.
Ол сонымен бірге бүкіл елге әскери жағдай енгізудің қажеті жоқ екенін айтты. Оның сөзінше, әскери міндетін өтеп жатқандарды соғысқа апарудың реті жоқ. Бірақ ол әскери міндетін өтеп жатқандар Белгород және Курск облыстарында екенін айтып, олар "отан алдындағы міндетін орындауға тиіс" деді.
Путин сонымен бірге "қазіргі кезде қосымша мобилизацияға мұқтаждық жоқ" деді.
"Арнайы операцияның мақсаты өзгере ме?" деген сұраққа Путин жағдайға байланысты өзгеруі мүмкін, бірақ толығымен өзгеріссіз қалады деді. Ол "денацификация" деген сөзді айтқанда, Степан Бандера мен "Украина билігіне келген-міс неонацистер" туралы тезисін қайталады.
Путин былтыр 24 ақпанда Украинаға қарсы "кең ауқымды арнайы әскери операция" бастаған. Соғыс бір жылдан астам уақыт жүріп жатыр. Осы уақыт ішінде ондаған мың әскер мен ондаған мың бейбіт тұрғын қаза тапты. Ресей Херсон, Запорожье, Донецк және Луганск облыстарының жартысын басып алды. Бірақ Украина кейін бұлардың едәуір бөлігін қайтарып алды.
Кейінгі күндері Украина қарымта шабуыл әрекеттерін жүргізіп жатыр. Бірақ басты соққы әлі болмады.