Бұрынғы төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин, экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова және Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев аймақтағы өртке байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша тергеледі. Әзірге олардың іс-әрекетіне баға берілмеген. 14 маусымда журналистердің сұрақтарына жауап берген бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев осылай деп мәлімдеді.
Оның сөзінше, Абай облысындағы өртке байланысты екі қылмыстық іс қозғалған: "екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелген өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау" (292-бап, 3-бөлік) және "салғырттық" (371-бап).
– Қазір екі істі Бас прокуратура тергеп жатыр. Тергеу аясында өз міндетіне салғырт қараған, әрекеті қайғылы оқиғаға себеп болған лауазымды тұлғалардың барлығы анықталады... Лауазымды тұлғалардың әрекетіне әзірге баға берілген жоқ. Барлығы жауапқа тартылады, – деді Жандос Өмірәлиев.
Оның сөзінше, "лауазымды тұлғаларды тергемес бұрын қарамағындағы өзге де тұлғалар тергеліп, жайттар анықталады". Қазір ведомствоаралық тергеу-жедел тобы құрылған. Оған "тәжірибелі де білікті" тергеушілер, құқық қорғау органдары қызметкерлері кірген. Қазір олар оқиға орнында жүр.
Қазір Абай облысында өрт сөндіріліп жатыр. Кейінгі тәулікте 1600 тонна су шашылған. Ведомство әзірге өрт қанша аумаққа жайылғанын хабарламады. Алайда елді мекендерге қауіп жоқ деді.
Өртті сөндіруге шамамен 1800 адам, 350-ден астам техника қатысып жатыр.
Өрт кезінде 14 орманшы қаза болған. Бір күн бұрын полиция Абай облысында із-түзсіз жоғалып кеткен тракторшының сүйегін тапқанын хабарлаған. Полиция оның "жүрек жетіспеушілігінен" қаза болғанын айтты. Ал Долон орманшылығының жетекшісі Балтабек Кудранов BES.media-ға берген сұхбатында тракторшы өрт сөндіруге қатысқанын айтқан.
"Ол өрт сөндіруге кеткен. Өрт кезінде түтінге қақалып, жағдайы нашарлаған сияқты. Тракторында рация болса да, қайда барарын білмеген тәрізді. Абыржыған да болуы мүмкін. Бұл – менің пікірім. Бірақ өртті сөндіруге қатысқаны рас" деді Кудранов.