Төтенше жағдайлар министрлігі елде төтенше жағдай кезінде қолданылатын техникалар жетпейтінін мойындады.
– Төтенше жағдайлар министрлігінің техникалық жабдықталу [деңгейі] – 80 пайыз. Қазіргі кезде 3200 техника бар. Әлі 430 техника керек. 470 техниканың мерзімі 20 жылдан асып кеткен, – деді бейсенбі күні сенат отырысында төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев.
Сенат отырысы кезінде елде өртсөндірушілер мен орманшылардың жалақысы төмен екені (өртсөндірушілердің орташа жалақысы – 180 мың теңге, орманшылардікі одан да аз) айтылды.
Вице-министрдің айтуынша, елде 121 өрт сөндіру бөлімі жетіспейді. Қазір 426 өрт сөндіру бөлімі бар. Бұл жеткіліксіз. Ал елде орман өрті жиілеп барады. Үш жыл бұрын 700 орман өрті тіркелсе, былтыр 757 орман өрті болған. Биыл жыл басынан бері 146 орман өрті, 700 дала өрті тіркелген.
Бір аптаға жуық жалғасқан Абай облысындағы орман өрті кезінде қоғамда өртсөндірушілер мен орманшылардың тиісті құрал-жабдықпен жарақтандырылмағаны қызу талқыланған. Мысалы, әлеуметтік желіде жарияланған видеолардың бірінде Абай облысында өртсөндірушілер түтінге қақалып, өрт сөндіріп жатқан көрінеді. Кейбір желі қолданушылары "неге оларға газтұтқыш берілмеген?" деген сұрақ қойған.
Төтенше жағдайлар министрлігінің айтуынша, жоғарыда айтылған мәселелерді шешу үшін республикалық бюджеттен 605 млрд теңге бөлінген: 536 млрд теңге төтенше жағдайлар министрлігіне, 48 млрд теңге экология министрлігіне, 20 млрд теңге жергілікті әкімдіктерге берілмек.
– Әуе құтқару жүйесін дамыту үш жыл ішінде 11 тікұшақ алынды: алтауы – МИ-8 тікұшағы, бесеуі – еврокоптер. Кешенді жоспарға сай, 2027 жылға дейін 16 тікұшақ алынады, – деді вице-министр. Оның айтуынша, биыл төтенше жағдай саласы мамандарының жалақысы 70 пайыз көтерілген.
Төтенше жағдайлар министрлігі Абай облысындағы орман өрті 14 маусым түнгі сағат 9-да оқшауланғанын хабарлады. Өрт аумағы 60 мың гектардан астам деп айтылады.
Өрт кезінде 15 адам қаза болды, 14-і – орман шаруашылығының қызметкері. Елде 12 маусым өрт кезінде қаза болғандардың рухына тағзым ету күні деп жарияланды.
Өткен аптада өрттен 14 орманшы қаза болғаны анықталғаннан кейін және аптап ыстықта өрт жайылып, кейбір елді мекендерге қауіп төнгеннен кейін елде төтенше жағдайлар министрі ауысқан. Юрий Ильиннің орнына Сырым Шәріпханов тағайындалды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа сөгіс жариялады.
Абай облысындағы өртке байланысты "екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелген өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу" және "салғырттық" баптары бойынша екі қылмыстық қозғалды. Бас прокуратура өкілі бір күн бұрын осы іс аясында өзге тұлғалармен қатар жоғары лауазымды тұлғалар да тергелетінін, оның ішінде Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев, экология министрі Зүлфия Сүлейменова, бұрынғы төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннен жауап алынатынын айтқан.