Әндіжан облыстық соты күдікті Санжарбек Мамажонов қаза болған тергеу абақтысындағы азаптау ісі бойынша жергілікті ішкі істер басқармасының бұрынғы 12 қызметкеріне үкім оқыды.
Үкімге сәйкес, алты адам төрт жылға бас бостандығынан айырылса, тағы алтауы, оның ішінде тергеу абақтысының басшысы үш жылға сотталды. Сонымен бірге үкімге сәйкес, 10 айыпталушыға 1,5 жыл, тағы екеуіне құқық қорғау органдарында жұмыс істеуге тыйым салынды.
"Мамажоновты камерада сабаған" Жасурбек Османов төрт жыл бір айға бостандығынан айырылды.
Сот мәліметіне қарағанда, тергеу абақтысының қызметкерлері 2022 жылғы наурызда 32 жастағы күдікті Санжарбек Мамажоновты азаптап, ұрып-cоққан. Оған медициналық көмек көрсетпей, камераға қамап қойған. Ол жерде күдікті қайта сабалып, 3,5 сағаттан соң көз жұмған.
Сараптама кезінде марқұмның денесінен және басынан көптеген жарақат анықталған.
Орталық Азия елдері, оның ішінде Өзбекстан Азаптауға қарсы конвенцияны ратификациялаған. Бірақ құқық қорғау ұйымдары баяндамасында аймақтағы елдер конвенция талаптарын орындамай отырғаны айтылады.
БҰҰ мәліметінше, тәуелсіз бақылаушылар Орталық Азия елдерінің түрмелеріне кіре алмайды. Бұл тұрғыда әсіресе Өзбекстан мен Түркіменстан жабық ел болып есептеледі. Amnesty International сарапшылары билік уақытша ұстау және тергеу изоляторларын, колонияларды тәуелсіз бақылауға кедергі келтіруін доғармаса, азаптау тыйылмайды деп айтады.