Шымкентте Қаңтар оқиғасында қаза болғандардың туыстары өтемақы талап етті

Шымкентте Қаңтар оқиғасы кезінде қаза болғандардың туыстары прокуратура алдына келіп тұр. 16 маусым, 2023 жыл.

Шымкент қаласында Қаңтар оқиғасы кезінде қаза болғандардың туыстары 5 миллион теңге өтемақы талап етіп, прокуратураға жүгінді.

Оларды қала прокуроры қабылдап, талапқа жауап беру үшін екі апта уақыт сұрады. Марқұмдардың туыстары прокурордың өтінішіне келісті.

15 маусымда Азаттық тілшісі Шымкент әкімі Мұрат Әйтеновке марқұмдардың туыстары айтқан талапқа қатысты сауал қойған. Ол "бәріне заңға сай көмек беріліп жатқанын" айтты.

– Жағдайы жоқтармен ай сайын кездесеміз. Баспана және көмектің басқа да түрлері заңға сай беріледі. Баспана алу үшін кезекке тұру қажет, – деп жауап берді Әйтенов.

Мамырдың басында Шымкентте Қаңтар оқиғасы кезінде қаза болғандардың туыстары қала әкімдігіне барып, кінәлілерді жазалауды талап еткен. Олармен кездескен әкімнің орынбасары жергілікті атқарушы орган марқұмдарға ерекше мәртебе беретінін, отбасыларына көмектесетінін айтқан. Ол марқұмдардың отбасыларына 5 миллион теңге көлемінде өтемақы төленетінін айтқан, бірақ ол үшін бұл отбасылар құжат жинауы керек болған. Әкімнің орынбасары өтемақыны мамырдың аяғына дейін төлеуге уәде берген.

Шымкентте Қаңтар оқиғасы кезінде 20 адам қаза болған. Құқық қорғау органдары басында оларға да "жапппай тәртіпсіздік жасады" деген айып таққысы келген, бірақ іс дәлел жетпеуіне байланысты жабылып, кейін марқұмдар жәбірленуші деп танылған.