Семейде Қаңтарда изоляторда қаза болған азаматтың өлімі: екі полиция қызметкерінің бостандығы шектелді

Семейде 10 қаңтарда полицияда жұмбақ жағдайда қаза болған Елдос Қалиев. Жеке архивтен алынған.

15 маусымда Семей қаласының №2 сотында Қаңтар оқиғасы кезінде уақытша қамау изоляторында қаза болған Елдос Қалиевтің өліміне байланысты айыпталған екі полиция қызметкері Арайлым Ақылбекова мен Қайрат Әнуарбековке үкім оқылды. Сот "Салғырттық" бабы бойынша айыпталған екі қызметкердің бостандығын үш жылға шектеді.

"Ақылбекова ұсталған адамды әкелген кезде уақытында тіркемеген және оның полицияда отырғанына үш сағаттан асып кетсе де кезекші Әнуарбековке хабарламаған, осылайша міндетіне салғырт қараған" деді соттың баспасөз қызметі.

Ал Әнуарбеков өз кезегінде Ақылбекованың әрекетін "қадағаламай", басшылыққа Қалиевтің полиция басқармасында тіркеусіз үш сағаттан астам уақыт отырғанын айтпаған.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Семейде Елдос Қалиевтің өліміне қатысты бір мезетте тағы бір процесс жүріп жатыр. Бұл істе Семей қалалық полиция басқармасының қылмыстық полиция бөлімінің жедел уәкілі Айдын Азанбаев айыпталушы танылған. Оған "Азаптау" және "Билік өкілетін асыра пайдалану" баптары бойынша айып тағылған. Тергеу органдарының хабарлауынша, ол "анықталмаған адамдармен" Елдос Қалиевті азаптаған.

Іс бойынша куәгерлер – Қалиевпен бір камерада отырғандар Қалиевтің ауыр соққыға жығылғанын, ауыр тыныс алып, еденде дөңбекшігенін айтқан. Камерада бірге отырғандар полиция қызметкерлерін шақырғанмен Қалиевке ешқайсысы келмеген.

—Оны өлтірген – басқаша айту мүмкін емес. Медициналық сараптама жүргізілді: оның бір жағындағы қабырғалары ішке кіріп кеткен, бір аяғы тұтас көкпеңбек, басы ұрылған. Денесі тұтас ісіп кеткен. Саусақтары мен аяғының башпайлары ұрылған – мен мұндайды бірінші рет көрдім. Ол атлет емес, салмағы 60 килограмнан артық болмаған. Адамды хайуанша өлтіру. Маньяк тіпті фашистер де бұлай істемес еді. Ант берген құқық қорғау органдары қалайша мұндайға барды? – деді Елдос Қалиевтің жақын досы Талғам Исламов Азаттыққа.

Келесі сот отырысы 19 маусымға тағайындалған.

Елдос Қалиев 2022 жылы 10 қаңтарда ұсталған. Ол уақытша қамау изоляторында "жұмбақ жағдайда" қаза болды.

Қазір Семейде Қаңтар оқиғасы кезінде ұсталып, азаптаудан өлген Жандос Жотабаевтың ісі бойынша сот өтіп жатыр. Ол іс бойынша уақытша қамау изоляторының фельдшері Гүлмира Төлеубекова айыпталушы ретінде танылған. Оған "Кездейсоқ бір адамның өліміне әкелген медицина қызметкерінің кәсіби міндетін тиісті дәрежеде орындамау" (317-бап) бойынша айып тағылған. Сот үкімі 21 маусымда оқылады.

Жотабаевтың өліміне байланысты бөлек процесте "Қатігез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас, азаптаулар" (146-бап) бабы бойынша екі полиция қызметкері Әлішер Қанақынов және Ерсұлтан Ағзановқа айып тағылған.

Жандос Жотабаев былтыр 6 қаңтарда ұсталған. Уақытша қамау изоляторында 17 қаңтарда қайтыс болды. Жандос Жотабаевтың бауыры 2022 жылы ақпанда зерттеу кезінде марқұмның өкпесінен сұйықтық табылғанын, мұндай жағдай қатты соққыға жығылған адамда болатынын айтқан.

— 11 қабырғасы сынған. Құжаттың қайда екенін білмеймін. Бізге түпкілікті қорытындысы бір айдан кейін болады деп айтқан. Алайда ол жерде қалай жазылатынын өздеріңіз білесіздер, – деген еді былтыр ақпанда марқұмның бауыры Ердос Жотабаев Азаттыққа.

16 маусымға белгіленген сот 29 маусымға шегерілген.

36 жастағы Семей тұрғыны Жандос Жотабаев 2022 жылы 6 қаңтарда "митингіге қатысқаны үшін" ұсталған.

Бір күн бұрын бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Жандос Жотабаевтың өліміне қатысты іс бойынша сотқа пікірін білдіріп "Адамды түрмеде азаптап, өлімші халге жеткізген, ал сотқа медицина қызметкерін тартып жатыр" деп наразы жазба жариялаған.