Путин тактикалық ядролық қарудың алғашқы партиясы Беларуске жеткізілгенін мәлімдеді

Владимир Путин (оң жақта) және Александр Лукашенко

Ресей басшысы Владимир Путин тактикалық ядролық қарудың алғашқы партиясы Беларуське жеткізілгенін мәлімдеді. Бұл жөнінде ТАСС агенттігі хабарлады.

"Тактикалық қарудың бір бөлігін Беларусь аймағына орнатамыз. Алғашқы ядролық зарядтар Беларуске жеткізіліп те қойды. Жаздың соңына дейін жұмысты толық бітіреміз" деді Путин.

9 маусымда Беларусьтің авторитар басшысы Александр Лукашенкомен кездесу кезінде Путин ресейлік тактикалық ядролық қарулар Беларуське 2023 жылдың шілде айында орналастырыла бастайтынын айтқан. Оның сөзінше, тактикалық ядролық қару сақтауға арналған жабдықтар 7-8 шілдеде дайын болады. Ізінше Ресей жағы ядролық қаруды тасымалдай бастайды.

Наурыз айында Путин Ресей Беларусьте тактикалық ядролық қаруын орналастырады деп мәлімдеген. Бұған қоса, Беларуське "Искандер" ракета кешені берілгені айтылған. Ресей жағының айтуынша, "Искандер-М" зымыранын баллистикалық зымыран ретінде де, "қанатты зымыран" ретінде де, яғни ядролық қару атуға да пайдалануға болады. Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу бұған дейін Ресей ядролық қаруын Беларуське орналастырса да, оны қолдану туралы шешімді Мәскеу өзі қабылдайды деген.

Мамырдың соңында екі жақ тиісті құжаттарға қол қойған.

13 маусымда Лукашенко Беларусь ресейлік тактикалық ядролық қаруды ала бастады деп айтқан. Оның сөзінше, кейбірі АҚШ-тың Хиросима және Нагасакиде қолданған бомбасынан "үш есе қуатты". Ол сол кезде Путиннен "жәй ғана сұрамағанын", Беларусьтің тактикалық ядролық қаруын қайтаруды "талап еткенін" айтқан.

Украинаның ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Алексей Данилов Путиннің Беларуське тактикалық ядролық қару орналастыруы – елдің ішіндегі жағдайды тұрақсыздандыруға бағытталған қадам деп айтқан. Оның пікірінше, бұл белорус қоғамында Ресей мен Путинге қатысты теріс көзқарастың қалыптасуына ықпал етеді. "Кремль Беларусьті ядролық кепілдікке алды" деді Данилов. Украина президенті кеңсесінің өкілі Михаил Подоляк Мәскеу Украинадағы соғыста жеңіліске ұшырайтынын түсінгендіктен осындай қадамға барып отыр деді.