Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан 4 жасар Айкөркемнің өліміне қатысты іс сотқа жіберілді

Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан Айкөркем.

Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан 4 жасар Айкөркемнің өліміне қатысты іс сотқа жіберілді. Бұл ақпаратты Айкөркемнің әкесі Айдос Мелдехан растады.

“Адвокат қазір [істі сотқа жіберу туралы прокуратура хабарламасын] жіберді. Шілдеде бастайтын шығар. Іс бойынша ештеңе өзгерген жоқ. Сол Жұман деген бір күдікті бар. Қалғандары куәгер ретінде өткен” деді бейсенбі күні Айдос Мелдехан Азаттық тілшісіне.

Алматы гарнизоны әскери соты әзірге жауап бермеді. Алматы гарнизоны әскери прокурорының орынбасары А.Игембердиевтің қолы қойылған хабарламада "билік өкілетін асыра пайдалану" (451-бөлім, 2-бөлім) бойынша айыпталған А.И.Жұманға ашылған қылмыстық іс Алматы гарнизоны әскери сотына жолданғаны жазылған.

Бұған дейін жәбірленуші жақтың адвокаты тергеу органдары кішкентай қыздың өліміне жауаптыларды жазадан құтқарғысы келетінін айтқан. Балалар отырған көлікке оқ жаудырған адамдар бұл істе куәгер ретінде өтіп отыр.

Былтыр Қаңтарда елде жаппай наразылық пен тәртіпсіздік кезінде оқ ату туралы бұйрық берілгеннен кейін көп адам оққа ұшқан. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оқ ату жөнінде бұйрық бергенін 2022 жылы 7 қаңтарда мәлімдеген. Биліктің "террористер шабуылы" туралы мәлімдемесіне дәлел келтірілген жоқ. Қаңтар кезінде Айдос Мелдеханның балалары отырған көлікке оқ жауған. Оқиға кезінде оның 16 жастағы қызы жараланып, 4 жасар Айкөркем қаза болды. 8 жасар ұлы психологиялық шок алған.