Украина қарулы күштерінің бас қолбасшысы Залужный: Украина шабуылы — қойылым емес

Валерий Залужный

Украина қарулы күштерінің бас қолбасшысы генерал Валерий Залужный Батыс елдерінде кейде айтылатын "украин армиясы баяу жылжып жатыр" деген тәрізді пікірлерден мезі болғанын айтты. Бұл жөнінде ол Washington Post басылымына берген сұхбатында мәлімдеген.

Залужныйдың айтуынша, украин армиясы әуе шабуылында басымдыққа ие болмаса да және бірқатар тиісті қаруларының жоқтығына қарамастан шабуылдап жатыр. Генералдың сөзіне қарағанда, украин әскері "тіпті 500 метр болсын, күн сайын алға жылжып келеді".

"Бұл ұтыс тігіп, бүкіл әлем бақылап отыратын қойылым емес. Күн сайын әрбір метр үшін қан төгіледі" деді Залужный.

Оның сөзінше, алға қойған жоспар орындалып жатыр, "бәлкім, бәз-біреулерге, қойылымға қатысушыларға өздері қалағандай жылдам болып жатпаған болар, бірақ бұл олардың шаруасы" деді.

Украина қарулы күштерінің жетекшісі НАТО елдерін Украинаға тезірек жойғыш ұшақ жеткізуге шақырды. "Ұшақсыз соғыс – бұл атыс қаруына садақпен шығумен пара-пар. Әуе қорғанысы болмаса, тіпті Leopard тәрізді соңғы үлгідегі танкілердің өзлері соғыс алаңында нысанаға айналады" деді ол. Залужный соғыс кезінде осындай әскери көліктер жойылғанын да мойындады.

Залужның айтуынша, ЧВК "Вагнердің" бүлігі майдандағы жағдайға әсер етпеген – украин әскері Ресей армиясының әлсірегенін байқамаған. Ол Мәскеудің ядролық қоқан-лоқысы да украин әскерінің шабуылын тоқтата алмайды деді.

  • Украина әскері маусымның басында қарсы шабуылға шыққан. Бірнеше апта ішінде олар шамамен 10 елді мекенді азат еткен, бірақ Ресей әскерінің қорғаныс шебін бұза алмаған. Сарапшылар мен Украина қорғаныс министрлігінің бағалауынша, негізгі соққы әзірге жасалмаған.
  • НАТО-ның бірқатар елдері Украинаға F-16 ұшағын беруге дайын екенін мәлімдеген, алайда нақты шешім қабылданған жоқ.
  • Ресейде мамыр басында Залужныйдың "ауыр жараланғаны немесе өлтірілгені" туралы хабар тараған. Бұл ақпаратты РИА «Новости» да таратты. Агенттіктің жазуынша, генералдың бас сүйегіне операция жасалған-мыс. Бұл хабар тарағаннан кейін Залужныйдың бірнеше видеосы жарияланды, алайда ресейлік ақпарат құралдары мен телеграм-арналары оның жараланғанын айта берді.