Қазақстанда саяси тұтқындар қатары көбейді. Елде саяси себеппен қудаланды деп танылған азаматтар қатарына тағы 7 адам қосылды. Бұл жөнінде құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина хабарлап, сарапшылар кеңесінің 30 маусым күнгі шешімін жариялады.
Тізімде тіркелмеген "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясының жетекшісі Марат Жыланбаев, азаматтық белсенді Асқар Сембай, белсенді Жандарбек Башанов, тіркелмеген "Ел тірегі" партиясының жетекшісі Нұржан Әлтаев, блогер Нұрлан Қанатов, Тоқаевты "20 мың террорист шабуыл жасады" деген сөзі үшін сотқа бермек болған Тимур Дәнебаев, журналист Думан Мұхаммедкәрім бар.
- Марат Жыланбаев – танымал марафоншы, "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясының жетекшісі. Ол биыл мамырда "тыйым салынған ұйымның ісіне араласу" және "экстремизмді қаржыландыру" баптары бойынша күдікке ілініп, қамауға алынған. Көктемде мәжіліс депутаттығына кандидат болған. Билікті қатаң сынаумен танылған.
- Асқар Сембай – астаналық азаматтық белсенді де биыл мамыр айында "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деп күдікке ілініп, қамауға алынған. Құқық қорғаушылардың айтуынша, ол 2019 жылдан бері адам құқығын қорғауды талап еткен бейбіт акцияларға қатысып, сол үшін талай әкімшілік жазаға тартылған.
- Жандарбек Башанов – оралдық белсенді де мамыр айында "тыйым салынған ұйымның ісіне араласу" бабымен күдікке ілініп, қамалған. Саяси қудалау туралы жазатын Tirek.info сайтының хабарлауынша, ол Телеграмдағы "Активист ДВК" чатына қатысқаны үшін, 2022 жылы Оралдағы бейбіт наразылыққа қатысқаны үшін, сайлаудағы әділетсіздікке қарсы бейбіт митингіге шақырғаны үшін, Тоқаевты жария түрде сынағаны үшін қудаланып отыр.
- Нұржан Әлтаев – тіркелмеген "Ел тірегі" партиясының жетекшісі маусымның басында қамалған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ол "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовтен аса ірі мөлшерде пара алды (135 мың доллар) деген күдікке ілініп отырғанын хабарлаған. Ал Әлтаев айыптарды үзілді-кесілді жоққа шығарған. Бірнеше жыл бұрын мәжілістен қуылған Нұржан Әлтаев кейінгі кезде "Ел тірегі" партиясын құруға әрекеттеніп, билікті жиі сынай бастаған. Соңғы парламент сайлауында өзін-өзі ұсынушы ретінде мәжіліске өтпеген Әлтаев сайлаудағы заңсыздықтар туралы айтқан "Халық парламентіне" мүше болған.
- Нұрлан Қанатов – блогер, тараздық азаматтық белсенді. Ол биыл ақпан айында "Көрінеу жалған сөз жеткізу" бабы бойынша күдікке ілініп, қамалған.
- Тимур Дәнебаев – Қаңтар оқиғасынан кейін "20 мың террорист туралы жалған ақпарат таратты" деп президент Тоқаевтың үстінен арыз жазбақ болған Астана тұрғыны. Украинадағы соғысқа қарсы пікір айтқан ол былтыр желтоқсанда "ұлтаралық араздық қоздырды" деген күдікпен қамалған еді.
- Думан Мұхаммедкәрім – Ne Deidi YouTube-арнасының авторы, журналист. Ол жуырда "тыйым салынған ұйымның ісіне араласу" және "экстремизмді қаржыландыру" баптары бойынша күдікке ілініп, қамалған. Ол билікті қатаң сынап, жемқорлық туралы жиі айтқан.
Сарапшылар кеңесі хабарламасында Қылмыстық кодекстің 174, 258 және 405 баптарын "саяси" баптар деп атайды. Олардың айтуынша, бұл баптар билікке бейбіт жиналу, ашық пікір айту, бірігу құқығы сияқты Конституциямен бекітілген құқықтарды жүзеге асырғысы келген оппозициялық саясаткерлер мен азаматтық белсенділерді жауапқа тартуға мүмкіндік береді.
30 маусымға дейін Қазақстанда "саяси тұтқындар" саны 18 болған. Енді олардың қатарына 7 адам қосылып отыр. Билік елде саяси қудалау барын мойындамай келеді. Дегенмен бұған дейін ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі қамаудағы журналист Думан Мұхаммедкәрімнің "саяси көзқарасына байланысты" қамалғанын жатқанын мойындаған.
АҚШ мемлекеттік департаментінің наурыз айында жарияланған адам құқығы жөніндегі есебінде Қазақстанда билікті сынағандар мен олардың туысқандарына қысым көрсетілетіні, билік сөз бостандығы мен журналистердің жұмысына кедергі келтіретіні, елде бейбіт жиналу, пікір айту құқығы шектелетіні айтылған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Сылбыр репрессия", "Кремльдің қолтаңбасы". Қазақстанда белсенділерді қудалау неге жиілеп кетті?