Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі таяуда 8 жылға сотталған бұрынғы мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының әйелі "пара беруге оқталды" деген күдікпен әшкереленгенін және адвокатының "алаяқтық және пара беруге итермелеу" күдігімен ұсталғанын хабарлады.
ANTIKOR телеграм-арнасының ақпаратында, "Арыстанбек Мұхамедиұлының қылмыстық жазасын жеңілдету және қамаудан босату сылтауымен адвокат қорғалушының жұбайынан сот органдарының лауазымды адамдарына беру үшін пара ретінде 460 мың АҚШ доллары сомасында ақшалай қаражат алған" деп көрсетілген.
АNTIKOR телеграм-арнасының жазуынша, "тергеу барысында адвокаттан 255 мың АҚШ доллары көлеміндегі қаражат анықталып, тәркіленген, қалған соманы ол өз қалауы бойынша жұмсағаны белгілі болған".
Арыстанбек Мұхамедиұлының адвокаты уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Мұхамедиұлының әйелі "аса ірі көлемде пара беруге оқталу" бойынша күдікті болып танылған.
Ресми ақпаратта Арыстанбек Мұхамедиұлының адвокаты мен әйелінің аты-жөні көрсетілмеген. Таяудағы сотта Арыстанбек Мұхамедиұлының адвокаты Мұстахим Төлеев болған. Ашық ақпараттарда Арыстанбек Мұхамедиұлының әйелі Ғалия Ысқақова деп көрсетілген.
Бұрынғы мәдениет және спорт министрі, Ұлттық музейдің бұрынғы директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы таяуда 8 жылға бас бостандығынан айырылған. Оған Астанадағы Ұлттық музейдің директоры болып тұрған тұста "бюджет қаржысын жымқырды" деген айып тағылған. Соты биыл сәуірде басталған.
Бұл іс бойынша айыпталған Алмаз Нұразханов, Азамат Көшенов және Айым Сәдуақасова 7 жыл түрме жазасын алды. Жуырда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Арыстанбек Мұхамедиұлы "Дипломат" қонақүйін рейдерлік жолмен тартып алған деген күдікке ілінгенін мәлімдеген.
Your browser doesn’t support HTML5