Қырғызстан Жогорку Кеңешінің бір топ депутаты "Қырғыз республикасының ұлттық валютасы туралы" заң жобасын қоғамдық талқылауға шығарды. Заң жобасы қырғыз парламентінің сайтына жарияланған.
Жобада қырғыз ұлттық валютасын елден тыс жерде басып шығаруға тыйым салу ұсынылған. Қазір ондай тыйым жоқ, қырғыз сомы Франция мен Ұлыбританияда басылады. Бұған дейін қырғыз президенті Садыр Жапаров Қырғызстан өз валютасын өзі шығара бастайтынын хабарлаған.
Заң жобасында қырғыз сомы Қырғызстан аумағындағы жалғыз төлем құралы болып саналатыны, тауар мен қызмет бағасын шетел валютасымен көрсетуге тыйым салынатыны жазылған.
Алайда егер экономикалық субъектінің шетел валютасымен табысы мен шығысы болса онда сауда-саттық пен кредитті шетел валютасымен беруге тыйым салынбайды.
2016 жылы Қырғызстан билігі қаржы жүйесін долларсыздандыру бағытын сұтанатынын жариялаған. Ол кезде де қазіргіге ұқсас заң қабылдаған, алайда әсіресе жеке бизнесте қырғыз сомымен қатар, еуро мен доллар да қатар қолданылып келген.