Алматы қаласының ауданаралық мамандандырылған әкімшілік соты мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болатты "бастықтың бұйрығын орындамағаны үшін" әкімшілік құқық бұзушылық бабымен 15 тәулікке қамау туралы шешім шығарған. Бұл туралы соттың баспасөз қызметі хабарлады.
"2023 жылдың 2 шілдесінде қатардағы жауынгер Б. Алматы гарнизонының гауптвахтасынан шыққан соң командирдің бұйрығына сәйкес өзінің әскери бөліміне баруға тиіс болған. Бірақ ол бұйрықты орындамай, әскери полиция басқармасының ғимаратына келген көлікпен белгісіз жаққа кетіп қалған" дейді баспасөз хабарында.
Бұған дейін Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болат ұрып-соқты деп мәлімдеп, қылмыстық істе жәбірленуші болып жүрген адвокат Анна Чернова Нұрасыл Болаттың әскери бөлімнен қашып кеткенін хабарлаған. Оның сөзінше, Нұрасыл Болат гауптвахтадан шыққан соң белгісіз жаққа кеткен.
Кейінірек қорғаныс министрлігі Нұрасыл Болатттың табылғанын, әскери бөлімге жеткізілгенін, қызмет тексерісі жүргізілетінін хабарлаған.
Бұл жағдайға депутат Дәулет Тұрлыханов әлеуметтік желідегі парақшасына пікір білдірген.
- Осы ақпараттар менің ұлыма үлкен психологиялық ауыртпалық түсіріп жүргенін сеземін. Ол әлі жап-жас жігіт. Оның жасағаны дизертирлік емес, былайша айтқанда, балалыққа салынып "самоволкаға" шығып кеткені. Мен ұлымның Қазақстан қарулы күштерінің сапында жауынгер болып жүргенін мақтан етемін. Жастықтың жалынымен қателік жасағаны түсінікті. Ғашық болып жүрген бала, сүйген қызы келген екен, соған шығып кеткен. Бұл енді жастық сезім, махаббат сезімі. Әрине, мен оны ақтамаймын. Қай ата-ана өзінің баласын жаман болсын дейді?! Осы жағдайға байланысты ақпараттардан хабардар болып отырған баламның қазіргі психологиялық жағдайы мені қатты алаңдатады,-деп жазған.
Депутат "осы жағдай баламның тағдырын тәлкекке салып, қандай да бір оқыс әрекетке баруына себеп болса, мен де өз тарапымнан қарап қалмаймын, қолданыстағы заң шеңберінде әрекет етемін" деп қорытындылаған.
Нұрасыл Болат бұған дейін заңгерлер - Анна Чернова мен оның күйеуі Олег Черновты ұрып-соқты деген айыппен қозғалған іске күдікті ретінде тартылған.