Украинаның болашағы НАТО-да, бірақ альянс құрамындағы елдердің бәрі келісім беріп, тиісті шарттар орындалғанда ғана Украина шақырылады. Мұны НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг альянс саммиті өтіп жатқан Вильнюстегі баспасөз жиынында айтқан.
Саммиттің бірінші күні сөйлеген Столтенбергтің сөзінше, Украина НАТО мүшелігіне жақындай түскен. НАТО елдері Украина қарулы күштерін үйретіп қана қоймай, Ресей басқыншылығын тойтаруға қажетті қару-жарақпен де көмектесіп келеді.
Столтенбергтің айтуынша, мұның бәрі НАТО-ға мүше болу үшін қажетті бұрынғы тәртіптен Украина жылдам өтуіне мүмкіндік береді. Қазір ең бастысы Украинаның жеңіске жетуіне көмектесу, онсыз НАТО-ға мүшелік туралы сөз болуы мүмкін емес.
НАТО саммитіне келген Украина президенті Владимир Зеленский, егер НАТО Киевке толық интеграция жоспарын ұсынбаса, тым болмаса НАТО-ға мүшелік туралы келіссөз бастауға шақырмаса оны абсурд деуге болатынын айтқан еді. "Сірә, Украинаны НАТО мүшелігіне алуға немесе НАТО-ға шақыруға дайын емес сияқты", - деді Владимир Зеленский.
Вильнюс саммиті декларациясының мазмұнында НАТО елдері Украинаның еуроатлантика интеграциясына жолы Мүшелікке әрекет жоспарымен жүрмесе де болатынын мойындайтындығы айтылған. Декларацияда Украинаның болашағы НАТО-да екені, сонымен қатар НАТО-ға шақыру қауіпсіздік саласындағы реформалар мен демократиялық өзгерістерге және Украина қарулы күштері мен батыс блогындағы одақтастар арасында жылдам әрекеттестікті жақсартуға байланысты екені сөз болған. Құжатта одақтастар бұл мәселе бойынша Украинаға көмек көрсететіні аталған.
"Өзіне мүшелікке апаратын жол мен нақты көмек жөнінде НАТО ешқашан дәл мұндай зор саяси жолдау жасаған емес", - деді Йенс Столтенберг.
Құжат пункттерінің бірінде НАТО елдері үшін Украина қауіпсіздігіның маңызы зор екені атап өтілген. Саяси диалогты, ынтымақтастық пен Киевтің еуроатлантика ұйымына талпынысын жандандыра түсу үшін жаңа бірлескен орган - НАТО-Украина кеңесі құру туралы шешім қабылданатыны жазылған.
Декларацияда Ресей де аталған. НАТО елдері еуроатлантика аймағында және Мәскеумен қарым-қатынаста тұрақтылық пен ашықтыққа ұмтылатыны сөз болған. "НАТО Ресеймен жанжалжасуға тырыспайды және Ресейге ешбір қауіп төндірмейді", - дейді батыс жетекшілері.
"Алайда Ресейдің агрессияшыл саясаты мен әрекетіне байланысты батыс Ресейді серіктес санай алмайды, бірақ Мәскеумен байланыс арналарын ашық ұстауға дайын. Ресей агрессияшыл саясатын тоқтатып, халықаралық құқықты толық сақтайтын болса қарым-қатынас та өзгеруі мүмкін" дейді декларацияда.
НАТО мүшелері өз елдерінің жалпы ішкі өнімінің кем дегенде 2 пайызын ұлттық әскери қажеттілікке жұмсауға уағдаласқан, бірақ оның нақты шегін белгілемеген. Литвада өтіп жатқан саммитте қатысушы елдердің жетекшілері бұл пайызды минимум деп көрсеткен. Алайда НАТО басшылығының кейінгі мәліметтеріне қарағанда, НАТО-ға мүше 31 елдің тек 11-і ғана биыл ол межеге жетуі мүмкін.