Ресей Қара теңіздегі астық келісімінен шықты. Мұның салдары қандай болмақ? Түсіндіреміз

Istanbul Қара теңіздегі астық келісімі аясында жүк тасымалдап бара жатқан коммерциялық кеме Босфор бұғазында кезек күтіп тұр.

Кеше Украинаға Қара теңіз арқылы бидай экспорттауға мүмкіндік беретін келісімнің мерзімі аяқталды. Ресей келісімнен шығатынын осыған дейін мәлімдеген. Былтыр шілдеде БҰҰ және Түркияның атсалысуымен жасалған келісім ғаламдық азық-түлік дағдарысын жеңілдетіп, соғысқа байланысты экспорты тоқтап қалған Украина астығын қауіпсіз тасымалдауға мүмкіндік беріп келген еді.

БҰЛ КЕЛІСІМ НЕГЕ МАҢЫЗДЫ?

Украина дәнді және майлы дақылдар өндірісі бойынша әлемде жетекші орынға ие. Соғыс басталғалы Украина бидайының экспорты тоқтап, бұл әлемдегі азық-түлік бағасының өсуіне әсер етті. 2022 жылы шілдеде жасалған келісім бағаны арзандатып, ғаламдық азық-түлік дағдарысын сәл де болса жеңілдетуге көмектесті.

Украина БҰҰ Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының дәлізі арқылы Эфиопия, Сомали, Йемен сияқты елдерге көмек ретінде 725 200 тонна бидай жіберді. Бұл – Украина осы дәліз арқылы экспорттаған астықтың 2,2 пайызы

АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРЕДІ?

Ресей келісімшарттан шығады деген хабардан соң азық-түлік бағасы бірден көтерілді. Алдағы уақытта нан, макарон өнімдері сияқты негізгі азық-түлік өнімдері қымбаттауы мүмкін.

Бірақ қазіргі жағдай соғыс жаңа басталған кезбен салыстырғанда әлдеқайда жақсы. Өйткені бидай экспортына Бразилия сияқты басқа мемлекеттер қосылды.

Биыл бидай бағасы 14 пайыз, ал жүгері бағасы 23 пайызға арзандады. Дегенмен ғаламдық азық-түлік дағдарысы әлі аяқталған жоқ. Өткен айда БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы бірнеше төтенше жағдай қат-қабат келіп, кейінгі 70 жылдағы ең ірі гуманитарлық дағдарыс болып жатқанын айтты.

2022 жылы 349 миллион адам ашығып, 772 мың адам аштық шегінде өмір сүрген.

Украинаның Измаил портында жұмысшылар бидай артып жатыр.

АЗЫҚ-ТҮЛІК ЖЕТКІЗУДІҢ ЖАЙЫ ҚАЛАЙ?

2021-2022 жылы бүкіләлемдік жүгері қоры кейін алты жылдағы ең төменгі көрсеткішке түсті. Сондықтан Ресей ірі жүгері өндіруші болған Украинаға қарсы соғыс ашқанда, бұл дақылдың бағасы күрт өсіп кетті.

Бірақ одан бері Бразилияның экспорты ұлғайып, қауіпсіз дәліз арқылы сатылған 17 миллион тонна жүгеріге қосымша көмек болды.

АҚШ-тың ауыл шаруашылық департаменті 2023-2024 жылдары әлемдік жүгері қоры кейінгі бес жылдағы ең жоғарғы көрсеткішке жетеді деп болжап отыр.

Ал бидай өндірісі керісінше кеміп, жыл соңында кейінгі 8 жылдағы ең төменгі деңгейге түсуі мүмкін.

БҰЛ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒДАРЛАМАСЫНА ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТЕДІ?

Жыл сайын Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы бірнеше миллион тонна азық-түлік сатып алады. Оның 75 пайызын дәнді-дақылдар құрайды.

2021 жылы ұйым 4,4 миллион тонна азық-түлік алған. Тауардың 20 пайызын Украина экспорттаған. Киев көбіне бидай мен жарылған бұршақ сатады.

Азық-түліктің көп бөлігі Африка елдеріне, қалғаны Батыс Азиядағы Йемен сияқты мемлекеттерге жеткізіледі. Сондықтан Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы дәнді-дақылды Солтүстік және Оңтүстік Америкаға қарағанда әлдеқайда жақын Шығыс Еуропадан алғанды жөн көреді.

Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының дәлізі арқылы 725,200 тонна тауар жіберілген.

Енді ұйымға басқа экспортерлар іздеуге тура келеді. Бұл әлдеқайда қымбатқа түсуі мүмкін. Осыған дейін қаржы тапшылығына байланысты ұйым бірнеше елдегі қызметін тоқтатуға мәжбүр болды.

БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш Қара теңіздегі астық келісімінің бұзылғаны жөнінде сөйлеп тұр. Нью-Йорк, 17 шілде 2023 жыл.

ЭКСПОРТТА ҚАНДАЙ ТАУАРЛАР БОЛДЫ?

Қауіпсіз кеме жолын ашу туралы келісімшарт аясында Украина 32,9 миллион тонна ауыл шаруашылық өнімдерін, оның ішінде 16,9 миллион тонна жүгері және 8,9 миллион тонна бидай экспорттаған.

Соғысқа дейін Украина Қара теңіз арқылы сыртқы нарыққа жылына 25-30 миллион тонна жүгері, 16-21 миллион тонна бидай шығаратын.

Келісім бойынша, Украина бидайын Қара теңіздің үш портына ғана жеткізуге рұқсат берілді.

Украина қай елдерге және қанша көлемде астық жібергенін БҰҰ дерек базасынан білуге болады.

РЕСЕЙ КЕЛІСІМНЕН НЕГЕ ШЫҒЫП ЖАТЫР?

Ресей келісімшартты ұзартуға негіз жоғын бірнеше рет айтқан. Мәскеудің мәлімдемесіне сәйкес, Ресейдің азық-түлік өнімдері мен тыңайтқыш экспортына кедергілерді алып тастау туралы міндеттемелер орындалмаған.

Ресей Россельхозбанкті SWIFT төлем жүйесіне қосуды сұраған еді. Мәскеу одан бөлек, ауыл шаруашылық техникасы мен бөлшектерін жеткізу мен Тольятти-Одесса аммиак құбырының жұмысын қайта жандандыру, сақтандыру мен қайта сақтандыруға қойылған шектеулерді алып тастау, азық-түлік және тыңайтқыш экспортымен айналысатын ресейлік компаниялардың активтері мен шоттарын бұғаттан шығару сияқты бірнеше талап қойған.

ҚАУІПСІЗ ДӘЛІЗ РЕСЕЙСІЗ ЖҰМЫС ІСТЕЙ БЕРЕ МЕ?

Былтыр шілдеде Қара теңіз арқылы бидай экспорттауға мүмкіндік беретін келісім жасалмай тұрып, Украинаның порттары бұғатта болған еді. Ресей келісімнен шыққаннан кейін бидай экспортын жалғастыруға бола ма, жоқ па, белгісіз.

Енді Қара теңіз аймағына кіру үшін төленетін әскери қауіпке байланысты сақтандыру жарнасы өсіп, кей кеме иелері Ресейдің рұқсатынсыз мүлкін қатерге тігіп, азық-түлік тасымалдауға келіспеуі мүмкін.

Сақтандыру саласындағы ақпарат көздері кеме апатқа ұшыраған жағдайда шығындарды өтеу туралы келісім өзгеруі мүмкін деп ескертті. Әскери қауіптен қорғау туралы сақтандыру полисін жеті күн сайын жаңарту керек. Әр полис құны мыңдаған доллар тұрады.

Украинаның Згуровка дейтін ауылында бидай орып жатқан комбайн. 9 тамыз 2022 жыл.

УКРАИНАДА АСТЫҚ АЗАЙЫП КЕЛЕ ЖАТЫР. ҚАУІПСІЗ ДӘЛІЗ ӘЛІ ДЕ КЕРЕК ПЕ?

Әртүрлі болжамдар бойынша, 2023-2024 жылдары Украинадан бидай экспорты азаяды. Шаруалар соғысқа байланысты көп астық себе алмаған.

АҚШ-тың ауыл шаруашылық департаментінің болжамынша, жүгері экспорты өткен маусымдағы 28 миллион тоннадан 19,5 миллион тоннаға дейін азаяды. 2018-2019 жылдары Украина 30,3 миллион тонна жүгері экспорттап, әлемдік сауданың 17 пайызын жапқан.

Бидай экспорты былтырғы 16,8 миллион тоннадан 10,5 миллион тоннаға дейін төмендейді деп болжанды. 2019-2020 жылдары Украина 21 миллион тонна бидай сатып, әлемдік сауданың 11 пайызын берген.

Енді астық тасымалы қиындайды, логистикалық шығындар артады. Әсіресе, Украинаның шығысында өндірілген астықты шекараға жеткізуге көп күш пен уақыт кетеді.

УКРАИНА ЕУРООДАҚ АРҚЫЛЫ КӨБІРЕК БИДАЙ ЭКСПОРТТАЙ АЛА МА?

Соғыс басталғалы Украина бидайдың көп бөлігін Шығыс Еуропа елдері арқылы тасымалдап жатыр. Бірақ бұл жолда логистикалық мәселелер көп болды.

Жергілікті шаруалар Украина бидайы келгелі өз астықтары өтпей қалғанын айтып шағына бастады. Осыдан кейін Еуроодақ Болгария, Венгрия, Польша, Румыния мен Словакияға ішкі нарықта Украиналық дәнді-дақылдар (бидай, жүгері, рапс және күнбағыс дәндері) сатылымына тыйым салуға рұқсат берді. Бұл елдерді Украина астығын басқа мемлекеттерге жеткізу үшін транзит ретінде ғана пайдалануға болады.

Қыркүйектің ортасына дейін астық тасымалы біртіндеп тоқтайды. Осы жазда Еуропаның шығысында астық жиналады. Осыдан Румыниядағы Констанца сияқты ірі порттар бидай артудан босамайды. Бұл тауар тасымалын баяулатуы мүмкін.