Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Өскемен әкімі Жақсылық Омардың үстінен белсенді Леонид Карташев түсірген арыз-шағымды қанағаттандырмады. Бұл жөнінде бүгін, 18 шілдеде өткен сот отырысында мәлім болды. Карташев қала әкімін "митингіге рұқсат бермей, азаматтардың конституциялық құқығын үнемі шектейді" деп, сотқа шағымданған еді.
Өскеменде бір топ азамат "Бипэк Авто – Азия Авто" компаниялар тобының топ-менеджерлері "заңсыз қамалғанын, түрмеде азапталғанын" айтып, митинг өткізгісі келген. Бірақ Өскемен әкімдігі бейбіт митинг өткізуге алты рет рұқсат бермеген. Осыдан соң Карташев сотқа арыз түсірген.
Сотқа жауапкер Жақсылық Омардың өзі қатыспады. Оның орнына онлайн қосылған орынбасары Ирина Смит митингіге арналған алаңдарда басқа іс-шаралар жоспарланғанын айтты. Дәлел ретінде мекемелер арасында жазысқан хаттарды ұсынды.
Карташевтің "дәл сол күндері әдейі барып көрдік, алаңдар бос тұрды" деген уәжіне әкімнің орынбасары ауа райымен байланыстырып жауап берді.
– Иә, наурыздағы жағдайларға келсек, ауа райы бұзылып, алаңда жоспарланған іс-шара мекеме ішінде өткізілген еді. Достық үйі алдындағы алаң көліктер тұрғандықтан босамады, – деді Смит.
Судья Рысалды Кәкішева 10 минут үзілістен кейін шешімді оқып, Карташевтің талап-арызын қараудан бас тартатынын мәлім етті.
– Сот шешімі дәлелге сүйеніп қабылданады. Сіздердің аудио-видеоны да сот қарап шықты. Ал іс-шараларды жоспарлап, өткізбей қалған мекемелер жауапты болады, – деп түсіндірді шешімді.
Белсенді Леонид Карташев сот шешіміне апелляциялық шағым түсіретінін айтты. Ол әкімдік жоспарлаған, бірақ өтпей қалған іс-шараларға бөлінген қаржыны тексеру үшін жемқорлыққа қарсы агенттікке де жүгінетінін білдірді.
– Бүгін халыққа қарсы сот шешімі шықты. Билікті қорғайтын шешім болды. Бізде де Америка құрама штаттарындағы секілді соттарды сайлау керек, – деді ол.
Карташев сотқа арызды екі ай бұрын түсірген. Шағым бергеннен кейін оған бір рет митинг өткізуге рұқсат берілген. 9 маусымда болған бұл митингіде жиналғандар түрмедегі азаптау туралы айтқан.
Шығыс Қазақстанда "Бипэк-Авто – Азия-Авто" компаниялар тобының топ-менеджерлеріне қатысты "қаржы жымқыру" ісімен тергеу жүргізіліп жатыр. 2021 жылы қыркүйекте компаниялар тобының топ-менеджері қамауға алынып, бір жыл бір айдан кейін үйқамаққа ауыстырылған.
2021 жылғы тамызда Қазақстан билігі "Бипэк-Авто – Азия-Авто" компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы Анатолий Балушкинге іздеу жарияланғанын хабарлаған. Қазақстан соты оны қамауға алу жөнінде сырттай санкция берген. Балушкин мен оның командасы сот шешіміне қарсы бірнеше рет шағым түсірген.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі "компания автокөлік құрастыру жөніндегі міндеттемесін орындамады" деп мәлімдеп, үкімет 10 жылға жеңілдікпен алған 174 миллиард теңгені (қазіргі бағаммен 371 миллион доллар) мемлекетке қайтарып беруді талап еткен.