Азат Еуропа/Азаттық радиосы президентінің міндетін атқарушы Джеффри Гедмин Алматы әкімінен сұхбат алмақ болған Азаттық тілшісі Мейірім Бақытжанға жасалған кедергіге қатысты мәлімдеме жасады.
"Алматы әкімі Азаттық радиосының Қазақ қызметінің журналисі Мейірім Бақытжанға қатысты өз қызметкерлерінің әрекетіне ашулануы керек еді. Өкініштісі, мұндай әрекеттер үйреншікті жағдайға айналды. Тәуелсіз БАҚ құрметке лайық. Тәртіп мұндай қарабайыр әрекетке жауапкершілікті талап етеді" деді Гедмин.
13 шілдеде Алматыдағы шіркеу алдында орыс князі Александр Невский ескерткішін ашу салтанатынан соң бірнеше ер адам Азаттық тілшісі Мейірім Бақытжанға кедергі келтіріп, қала әкімі Ерболат Досаевқа сұрақ қойдырмаған. Азаттық тілшісі ер адамдарға журналист екенін айтса да, олар мән бермей Мейірім Бақытжанды сүйреп әріқарай алып кетті. Ер адамдар тілшіні әкім көлікке отырып кетіп қалған соң босатты.
Азаттық радиосының тілшісі Мейірім Бақытжан бүгін, 19 шілдеде өзіне жасалған кедергіні тексеру үшін Алматы қаласының прокуратурасына арыз түсірді.
Your browser doesn’t support HTML5
14 шілдеде халықаралық "Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау ұйымы "бұл – журналистің жұмысына әдейі кедергі келтіру фактісі. Бас прокуратура "Журналистің заңды кәсіби жұмысына кедергі келтіру" бабы бойынша тез арада қылмыстық іс қозғап, тиісті органға сотқа дейінгі тергеу бастауды тапсырады деп үміттенеміз" деген.
Азаттық тілшілері бұған дейінде кәсіби қызметтерін атқарып жүргенде кедергіге ұшыраған.
Мәселен, 2019 жылы 22 маусымда Алматыдағы Адам құқықтары бюросында Азаттық тілшілері мен ҚазТАГ журналистеріне бір топ әйел шабуыл жасаған. Олар тілшілерге жұдырық жұмсап, журналистердің техникасын сындырған. Әйелдер бюро қызметкерлеріне де тиіскен. Осы оқиғадан кейін қылмыстық іс қозғалғанымен, ешкімге айып тағылмады, журналистерге шабуыл жасағандар анықталмады.
2019 жылы 6 шілдеде Астанада билікке қарсы наразылықтантікелей эфир жүргізген Азаттық тілшілеріне бетіне маска таққан белгісіз адамдар кедергі жасап, әдейі газ бүріккен. Осы әрекеттердің бәрін көрген полицейлер ешқандай шара қолданбады.
2019 жылы Азаттықтың Қазақ қызметінің 10 қызметкері "журналистік жұмысқа кедергі келтіру" бабымен прокуртураға арыз түсірген, бірақ орган тарапынан жауап болмаған.
- Қазақстанның "БАҚ туралы" заңның 20-бабына сай, журналист ақпарат іздеуге әрі алуға, қоғамдық жиындарда журналист куәлігін көрсетіп, аудиовизуал техникалармен жазба жүргізуге құқылы. Журналистің заңды жұмысын атқаруға ешкім кедергі келтіруге, соның ішінде күш қолдануға құқығы жоқ.
- Журналист жұмысына кедергі келтіргендерге Қылмыстық кодекстің 158-бабы 2-тармағында екі жыл бас бостандығынан айыру, белгілі бір қызметті атқарудан 3 жылға шектеу жазасы қарастырылған.
- Азат Еуропа/Азаттық радиосы – АҚШ Конгрессінің грантына қаржыландырылатын америкалық тәуелсіз медиакорпорация. Компания сөз бостандығы шектелген 23 елге 27 тілде хабар таратады.