Бүгін Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының орталығы Есік қаласындағы мәдениет үйінің алдына Қырбалтабай ауылының тұрғыны Сайлау Әжімолдаев сот үкіміне наразылық білдіріп, жалғыз адам пикетіне шықты. Ол 2020 жылы Алматы қаласындағы алаңда да пикет өткізген еді.
Сайлау Әжімолдаевтың ұлы Марат Әжімолдаев 2015 жылы 18 жылға сотталған. Ол бұған дейін ұлына араша сұрап Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа да, қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа да әлденеше рет хат жазып, жауап ала алмағынын айтты.
- Қазіргі президенттің жеке қабылдауына 6 рет рет сұрандым. Конституциялық сот төрайымы Эльмира Әзімова көмекшісіне сілтеді. Көмекшісі сөзбұйдаға салды. Ешкім селт етпеген соң акцияға шығып, баламның ісін қайта қарау үшін халықтан көмек сұрап тұрмын,- деді Сайлау Әжімолдаев.
Сайлау Әжімолдаев пикетіне әкімдік рұқсат берген.
Әжімолдаев бұл жолғы пикетке екі түрлі плакатпен шыққан. Оның біріне "кәмелетке толмаған баланы куәгер етіп, ұлымды 8 жыл бұрын 18 жылға соттады. Көмектесіңіздерші" деп жазған. Екінші плакаттағы сот үкімі туралы сараптаманың авторы ретінде құқық қорғаушы Евгений Жовтисті көрсеткен. Сараптамада кісі өліміне Марат Әжімолдаевтың қатысы бар екені дәлелденбегені айтылған.
2015 жылы Қырбалтабай ауылындағы үйінде 85 жастағы Варвара Попова өлі табылған. Попованы өлтірген күдікті ретінде сол ауылдың тұрғыны Марат Әжімолдаевты ұстап, 18 жылға бостандығынан айырған. Оған Қырбалтабай ауылында тұратын 8 сынып оқушысы, 2000 жылы туған М. есімді кәмелетке толмаған жасөспірімнің кінәсін мойындап берген куәліктері негіз болған.
Қазақстан қылмыстық кодексінің "Кәмелеттік толмаған жасөспірімді қылмысқа тарту", "ұрлық", "қарақшылық" пен "адам өлтіру" баптары бойынша айыпталған Марат Әжімолдаев және Қылмыстық кодекстің "ұрлық", "қарақшылық" баптары бойынша айып тағылған М-нің үстінен қозғалған қылмыстық іс Алматы облыстық ауданаралық мамандандырылған қылмыстық сотта қаралған.
Марат Әжімолдаев қазір Алматы облысы Заречный кентіндегі түрмеде жатыр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Марат Әжімолдаев ісінің дүдәмал тұстары