Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу Ресей мен Солтүстік Корея арасында "әскери байланысты нығайту үшін" Пхеньянға барды. Бұл жөнінде ведомствоның Телеграм-арнасы хабарлады. Ақпаратқа қарағанда, Пхеньян әуежайында Шойгуды Солтүстік Корея армиясының генералы Кан Сун Нам және құрметті қарауыл ротасы қарсы алған.
Ресей қорғаныс министрлігінің айтуынша, Шойгу бастаған делегация "корей халқының Отанды азат ету соғысындағы жеңісіне 70 жыл толуына орай" (мәселе 1950-1953 жылдардағы Оңтүстік және Солтүстік Корея арасындағы соғыс жөнінде болып отыр) ұйымдастырылған шараға қатысады.
- Ресей Украинаға басып кіргелі бері бірқатар Батыс елдері Пхеньян мен Мәскеудің әскери әріптестігі жөнінде мәлімдеген. Атап айтқанда, Солтүстік Корея Ресей армиясына артиллериялық оқ-дәрі мен техника жеткізіп жатқаны айтылған. Солтүстік Корея мұны жоққа шығарған.
- Солтүстік Корея Мәскеу Украинаның төрт облысын аннексиялап алғанын мойындаған үш елдің бірі (қалған екеуі – Ресей мен Сирия).