"Ақтөбе" футбол клубы Грузияның Кутаиси қаласында өтетін Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңіне бейсенбі, 27 шілде күні ұшады. Клуб Грузияға жету үшін өзге авиакомпанияның қызметіне жүгінбек. Бұл туралы Азаттыққа клубтың баспасөз қызметі хабарлады.
Бұған дейін Азаттықтың Грузин қызметі мен қазақстандық сайттар "Ақтөбе" клубы Кутаисидің "Торпедо" командасымен ойнау үшін Грузияға ұша алмай қалғанын жазған. Ақпараттардың бірінде "Ақтөбе" командасы Грузияға ұшпақ болған ұшаққа санкция салынғандықтан футболшылар Кутаисиге аттана алмаған.
"Грузия тарабы Ақтөбеден ұшатын чартер рейсін қабылдауға рұқсат етпеді" деп жазды meta-ratings.kz сайты.
- Алдын-ала жасалған келісім бойынша клуб 26 шілде күні Кутаиси қаласында болуы керек еді. Бірақ Грузияның азаматтық авиация комитеті себебін түсіндірместен Ақтөбеден шығатын чартерлік рейсті қабылдаудан бас тартты. Осыған орай 26 шілдеде өзге авиакомпаниямен келісім жасалды. Клуб бейсенбі, 27 шілде таңғы сағат 8:15-те ұшып кетуі керек, - деді "Ақтөбе" футбол клубының ресми өкілі Әсет Жомарт Азаттыққа.
Бұдан бөлек, Грузия "Ақтөбе" сапында ойнайтын Кот-д'Ивуар футболшысы Андерсон Ньянгбоға виза бермеген. Грузия Бірінші арнасының жазуынша, футболшының Бельгиядан алған уақытша тұру құжатының мерзімі біткен, ал Кот-д'Ивуар төлқұжатымен виза алғанға біраз уақыт керек.
"Ақтөбе" өкілі Әсет Жомарт ивуарлық шабуылдаушы Андерсон Ньянгбо виза мәселесіне байланысты Кутаисиға бара алмайтынын растады.
"Торпедо" командасы матч кейінге шегеріледі деген ақпаратты жоққа шығарды.
Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңіндегі "Торпедо" - "Ақтөбе" матчы 27 шілде кешке Кутаисидегі Рамаз Шенгелия атындағы стадионында өтеді деп жоспарланған. Қарымта матч 6 тамызда Ақтөбеде өтеді.