27 шілдеде тіркелмеген "Алға, Қазақстан" оппозициялық партия белсенділері әділет министрлігіне 17-рет тіркеуге құжат тапсырды. Белсенділер құжаттарын үнемі кері қайтарып келе жатқан министрлік әрекетін сотқа да бергенмен әзірге нәтиже жоқ. Партия лидері танымал марафоншы Марат Жыланбаев "тыйым салынған ұйымның жұмысына араласты", "экстремистік ұйымды қаржыландырды" деген айыппен мамыр айынан бері қамауда отыр.
Министрлік кеңсесі бейсенбі күні құжаттарды қабылдап алғанымен әзірге жауап берген жоқ.
Әділет министрлігі 2022 жылдың мамыр айынан бері "Алға, Қазақстан" ұйымының өтінішінен 16-рет бас тартқан. Тіркелмеген оппозициялық "Алға, Қазақстан" ұйымы партия ретінде ресми түрде тіркелу процедурасын бастауға бір жылдан астам уақыттан бері рұқсат ала алмай келеді. Әділет министрлігі бұған дейін түрлі уәжбен қайтарған.
Соңғы рет министрлік "бастамашыл топтың тізімі заң талабына сай келмейді" деген уәж айтқан. Бірақ ненің сай келмейтінін нақты көрсетпеген.
"Алға, Қазақстан" белсенділері партия ретінде тіркелуге рұқсат бермеудің саяси астары бар деп санайды. Ал министрлік бұған дейін мұны жоққа шығарған.
Ұйым белсенділері министрліктің "құжаттары дұрыс еместігі туралы бірізді жауаптарын" оннан астам рет сотқа да берген. Оның тек біреуі Жоғары сотта қаралмақ.
"Алға, Қазақстан" белсенділерінің айтуынша, министрліктің мамыр айындағы құжаттарын кері қайтарып берген жауаптарына қатысты арыздары Астана әкімшілік сотында қаралып жатыр. Тұрақты түрде 3000 адамның фото, видео бейнелерін қоса көтеріп жүрген оппозициялық ұйым мүшелері тіркемеудің себебін білгісі келеді.
– Кеше (26 шілдеде) біз сотқа сенімсіздік білдірдік. Өйткені судья министрлікпен бірлесіп отыр деп санаймыз. Біздің іс материалдарымен, яғни әділет министрлігінің құжаттарымызды кері қайтаруды негіздеген құжаттарымен таныстыруды сұрадық. Судья бұл өтінішімізге құлақ аспады. Ал сотқа сенімсіздік білдірген әркетімізге "бұл сіздердің субъективті пікірлеріңіз" деп судьяны да ауыстырмады, - дейді Амангелді Жахин Азаттыққа.
Бейсенбі күні әділет министрлігі алдына жиналып, "Алға, Қазақстан" партиясы лидері Марат Жыланбаевты босатуды талап еткен бастама топ өкілдері белсендінің денсаулығына да алаңдайды. Айтуларынша, өткен сенбіде онымен жұздескен адвокаты Мейіржан Досақаревқа марафоншы денсаулығының нашарлағанын, камерадағы антисанитария туралы да айтқан.
– Тамақтың нәрсіздігінен Марат Жыланбаевтың тістері түсіп жатыр. Оның екі тісін жұлып тастаған. Ол қазір әдеттегі біз жейтін тамақты жей алмайды. Оған пюре, сорпа тәрізді жеңіл тамақтар жеу ұсынылған. Оған мүмкіндік жоқ. Оның үстіне Марат Жыланбаев отырған тергеу изоляторының жағдайы өте нашар. 12 шаршы метрде төрт адам жатыр. Әжетхана соның ішінде әрі ашық. Кішкене форточкада тор жоқ, бөлме маса, шыбын шіркейге толы, лас. Біз оны дереу босатуды талап етеміз,- дейді Эльвира Бекзадина.
Қазақстан билігі саяси партияны тіркеу процедурасын жеңілдеткенін мәлімдегенімен, оппозиция "билікке адал саяси ұйымдар ғана тіркеліп" жатқанын мәлімдеген. Мамыр айында әділет министрінің орынбасары Алма Мұқанова партияларды тіркеген кезде "саяси ұстанымдарына қарамайтынын" айтқан.
"Алға, Қазақстаннан" бөлек, елде "Қазақстанның демократиялық партиясы", "Біздің құқығымыз", "Еркін халық", "Халық таңдауы", "Ел тірегі" сияқты тіркеле алмай жүрген партиялар бар. Кейбірінің жетекшілері сотталған.