Масаға таланған Боран ауылының мұңы. Ақша бөлінген, нәтиже жоқ. Тендер ұтушы – ықпалды адамның туысы

Күршім ауданы Боран ауылында тұратын Валентина Циммер масадан қорғану үшін омарташы торын тағуға мәжбүр.

Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданына қарасты Боран ауылының халқы жаз басталғалы қалың киініп, бетін тормен тұмшалап жүр. Балалар ойнаудан қалған. Ауыл халқы жылдар бойы маса-шіркеймен алысып келеді. Жергілікті билік масаны улауға жыл сайын миллиондаған қаржы бөледі. Азаттық кейінгі төрт жылда дезинсекциялау бойынша тендерді бір компания алып келе жатқанын, оның иесі өңірдегі ықпалды адамның туысы екенін анықтады.

"ДАЛАДАҒЫ МАЛ ТҮГІЛ ҮЙДЕГІ АДАМ ӘРЕҢ ШЫДАП ОТЫР"

Облыс орталығы Өскеменнен 350 шақырым қашықта жатқан Боран ауылына түс ауа келіп кірдік. Көлікпен ауылдың орталық көшесін басып өтіп, шеткері үйлерге бұрылдық. Жөн сұрасатын адам іздедік. Бірақ алдымыздан бірде-бір кісі кезікпеді. Жаңаша жабдықталған ойын алаңындағы әткеншек, сырғанақтар да қаңтарылып тұр.

Бір үйдің есігін қағуға батылымыз бармай, бірақ одан басқа амалымыз қалмай келе жатқанда, қоршау ішінде шаңдатып жұмыс істеп жатқан біреуді көзіміз шалып қалды. Көліктен түсіп, шарбақ ішіне кірдік те, жан дәрмен атып шықтық. Анталаған маса-шіркей бет-аузымызға тығылып, өнебойымызды жыбырлатып әкетіп барады. Көлік ішінде сырт киімімізді киіп, басымызды орап, әлгі үйдің ауласына қайыра бас сұқтық. Үй иесі тұмшаланған түрімізді қалай қабылдайды екен деп жасқаншақтап едік, бірақ онымыз бекер болды. Өзі де бетін тормен қалқалаған отағасы тосырқамай, күнде көріп жүрген адамы тәрізді амандық-саулық сұрасты.

Болатхан Бақытхан Боран ауылына төрт жыл бұрын көшіп келгенін айтты.

– Өздеріңіз көріп тұрғандай, маса қиын. Бақша салсақ, дұрыс қарай алмаймыз. Жұмыс істетпейді. Сыртқа шығу мұң. Картоп қана салған едім, оның өзін, күн ыстықта маса аз болатынын пайдаланып, әрең түптеп жатырмын. Балаларға да қиын екен. Бір уақ далаға ойнай алмайды, жүре алмайды. Доп тебетін жаққа барамыз дейді, бірақ барып ойнай алмайды. Үйден шықпа дейміз. Енді не істейміз? Суға да түсе алмайды есік алдына. Сонымен осындай жағдайда отырмыз енді, – деді қолындағы кетпеніне сүйеніп.

Болатхан Бақытхан Боран ауылына төрт жыл бұрын көшіп келгенін айтты. Масаға таланған ауыл. Күршім ауданы, Шығыс Қазақстан облысы. 21 шілде 2023 жыл.

Ол ыстық қайтпай шаруасын бітіруі керегін айтып, асыға берді. Қолымызды мазасыз сермеп, маса үркіткен бізге қарап: "қазір көлеңкеде, шөп арасында тығылған масаға әрең шыдап тұрсыңдар, күн еңкейгенде тіпті жүре алмай қаласыңдар" деді.

Біз тағы да көшеге шықтық. Үйінің сыртын сырлап жатқан адамды көрдік. Ол да жүзін қап-қара тормен жасырған. "Ассалаумағалейкум!" деп амандастық та, "Сәлеметсіңдер ме!" деп жауап қатқан әйел үнін естіп, ыңғайсызданып қалдық. Биік сәкіде бетін жауып тұрған адамды ер кісі деп ойлап қалыппыз. Ол журналист екенімізді ести сала төменге түсіп, теріс бұрылды. "Суретке түспеймін" деп, кетіп қалды. "Бетіңіз жабық қой, ешкім танымайды" деп дауыстап қала бердік.

Бұл ауылдың халқы жаз айларында сыртқа түгел тор тағып шығады екен. Омарташылар ауылы ма дерсіз. Алайда олай емес. Түзде маса-шіркейден қорғанудың амалы – осы.

Ал үйлерінде нақты атауы белгісіз, өздері "спираль" деп атайтын оралған, кейбіреуі түзі болатын сым тәрізді затты тұтатып отырады. Ол бірден жанып кетпей, түтіндеп қана тұратын нәрсе екен. Айтуынша, бұл зат Қытайдан келеді. Ол жақта да адамдар осы затты тұтатады.

Масадан қорғану үшін тұтататын зат. Халық "спираль" деп атайды. Күршім ауданындағы Боран ауылы, Шығыс Қазақстан облысы. 21 шілде 2023 жыл.

Өзін Гүлнұр деп таныстырған ауыл тұрғыны үйіндегі "спиральді" көрсетті.

– Мынау улы зат. Исі сасық. Үйренбеген адамдардың әрі-беріден соң-ақ басы айналады. Кейіреулер осыдан аллергия болып, түшкіріп-пысқырып қалады. Жаздық үйде күні бойы осыны тұтатып қойып жүреміз. Ал түнде төрүйге өзімізбен кірген масаларды осымен өлтіріп алып, есікті тарс жабамыз да, жатып қаламыз. Түнде әжетханаға да шыға алмайсың. Маса шығуға мұрша бермейді, – деді.

Боран ауылында тұратын Гүлнұр масаны улайтын затты тұтатып жатыр. 21 шілде 2023 жыл.

Оның айтуынша, жәндіктер халықтың тіршілігіне қиындық туғызып отыр. Кейбіреуі малын жайлауға шығарады, кейбіреуі "еріксіз" төрт түліктің санын азайтып жатыр. "Даладағы малды қойып, үйдегі адам әрең шыдап отыр" деді ол.

Тағы бір ауыл тұрғыны Адалбек Шөкеннің айтуынша, ауылдағы масаны бізден бір күн бұрын арнайы дәрімен улап кеткен. Сол күні маса азайған, бірақ ертеңінде қайта қаптаған.

Адалбек Шөкен де масадан омарташы торын киіп қорғанады. Күршім ауданындағы Боран ауылы, Шығыс Қазақстан облысы. 21 шілде 2023 жыл.

– Дәрілеуге 40 миллион [теңге] бөлді деген. [Дәріні] ұшақпен шашады деген, ұшақ келмеді. "Уазикпен" шашып жүр. Осының алдында екі рет шашып кеткен, онда болмады. Кеше шашты, енді маса бүгін осы, қайта күшейіп келеді, – деді Адалбек Шөкен.

"ТЕНДЕРГЕ КӨБІНЕ ТЕК ОСЫ КОМПАНИЯ ҚАТЫСАДЫ"

Күршім ауданының әкімдігі Азаттыққа ауылда масаның көбеюі "су деңгейінің көтерілуімен байланысты" деп жауап берді. Боран ауылы Ертіс пен Қалжыр өзенінің ортасында, орман ішінде орналасқан. Тұрғындардың айтуынша, көктемде өзендер тасып, кемерінен асады, ал су қайтқанда орман ішінде көптеген жер батпақ болып қалады. Маса батпақта көбейеді. Ал шіркей ағаштардың басынан шығады.

Әкімдік жыл сайын масаны азайтуға миллиондап қаржы бөледі. Жеке компания әкімдік тендерін алып, ауылда дезинcекция жүргізеді. Ауыл адамдары одан "жағдай жақсарып жатқан жоқ" дейді.

Орман ішіндегі Боран ауылы. Күршім ауданы, Шығыс Қазақстан облысы. 21 шілде, 2023 жыл. Масаның көбеюіне жайлы саналатын сазды орта.

2019 жылдан бері маса улау тендерін "Зайсан аудандық дезинфекциялық станциясы" деп аталатын компания алып келеді. Келісімшарт ашық конкурс негізінде емес, тікелей бір көзден жасалады. Әкімдік сөзінше, бұған байқауға осы компанияның ғана қатысуы себеп. Кейінгі төрт жылда мекеме Күршім әкімдігінен 85 миллион теңге алған. Биылғы қаржысы алдыңғы жылдардан әлдеқайда көп – 35,7 миллион теңге.

"Зайсан аудандық дезинфекция станциясына" Шиармен Әбішева есімді әйел иелік етеді. Ол – Күршімге көрші Зайсан ауданының әкімі Аэлита Ахметсәлімқызының шешесі. Бірнеше жыл бұрын Ахметсәлімқызының өзі де осы компанияда құрылтайшы болған.

АЙКА ЖӘНЕ ШАҺАР АПА

Аудан әкімі Аэлита Ахметсәлімқызын басылымдар "кәнігі аңшы" деп сипаттайды . Бірнеше жыл бұрын жергілікті басылымда жарияланған мақалада жұрт Аэлитаны "Айка" деп еркелететіні, оның дзюдомен шұғылданғаны жазылған. Күйеуі Мейрамбек Байжұманов екеуі шаруа қожалығын құрып, ірі қара өсіруді қолға алғаны айтылады. Газеттің жазуынша, екеуі 376 мың гектар аумақтағы аң-құсты қорғап, мемлекет рұқсатымен аң аулауға қомақты қаржы төлеп, лицензия алған аңшыларға жағдай жасайды.

Қазір әкімнің атында үш компания тіркеліп тұр. Олар "Айка" шаруа қожалығы, Amazing Zaisan Travel деген туристік компаниясы және Al-Temir Star деген ойын-сауық, тамақтану қызметін көрсететін компаниясы. "Айка" атты шаруа қожалығында бұғы мүйізінің сорпасына түсіретін шипажай жұмыс істейді. Бұл компаниялар Өскемендегі Славский жағалауы 16 мекенжайында тіркелген. Ғимаратқа, жер кадастрындағы ақпаратқа сәйкес, "Айка" шаруа қожалығы мен "Халық банкке" қарайтын "Халық актив" кәсіпорыны иелік етеді. Бұл ғимаратта өскемендіктерге белгілі "Айка" супермаркеті орналасқан. Әкімнің атындағы компаниялар өте табысты жұмыс істейді. Al-Temir Star компаниясының өзі былтыр 167 миллион теңге салық төлеген.

Боран ауылы Ертіс пен Қалжыр өзенінің ортасында, орман ішінде орналасқан.

Аэлита Ахметсәлімқызы – Шығыс Қазақстанда ықпалды адам. Ол кәсіпкерліктен бөлек бірнеше жыл Зайсан аудандық мәслихатының депутаты, кейінгі жылы облыстық мәслихаттың депутаты болған. Оны осыдан бір ай бұрын Шығыс Қазақстанның экс-әкімі Даниал Ахметов өзі қызметінен кетуіне екі күн қалғанда Зайсан ауданының әкімі етіп тағайындады. Әкім Аэлита Ахметсәлімқызы Азаттыққа атында үш компания барын мойындамады.

– Менің атымда қазір заңды түрде бірде-бір компания жоқ. Egov-тан шығып тұрған шығар. Менің атымда ешқандай компания жоқ, – деді ол телефон арқылы.

Әкімнің анасы Шиармен Әбішеваға қарайтын дезинфекциялық компания Cовет Одағынан бері жұмыс істеп келеді. Әбішева бұл компанияда сол кезден бері жұмыс істеп, бас дәрігер болған. 2000 жылдардың басында мекеме жекешелендіріліп, Әбішеваның атына өтеді. Содан бері бұл мекеме Зайсан ауданынан көптеген тендер алып келеді. Бұл мекеменің Аэлита Ахметсәлімқызы әкім болғаннан кейін де әкімдіктен тендер алуы жалғасты. Мысалы, 20 маусымда Зайсан аудандық білім бөліміне қарайтын Абай атындағы орта мектептен су құбырын дезинфекциялауға 290 мың теңге алған.

Адалбек Шөкен ауыл шаруасына арналған техникасын жөндеп жатыр.

Шиармен Әбішеваны да жергілікті басылымдар "өмір жолы, қызметі көпшілікке үлгі болған сыйлы адам" деп сипаттайды. Жергілікті жұрт оны Шаһар апа деп айтатынын жазады.

Егде жастағы кәсіпкердің қызы, әкім Аэлита Ахметсәлімқызы Азаттыққа анасы иелік ететін компанияның тендер алуына ықпал етпейтінін айтады.

– Мен әкім болғаннан кейін бәрі сондай сұрақтар қоя бастады. Ол шешемнің компаниясы болғанымен... Шешем 84-те. Ол өзінің жұмысын ешкімге бермейді де, ешкім оның жұмысына араласпайды. Ол кісі тың. Өз жұмысын өзі істейді. Тіпті, қандай тендер алып жүргендеріне араласым жоқ. Өздерінің отбасы бар, бөлек адамдар, – деді Аэлита Ахметсәлімқызы.

Мемлекет сатып алу ережесі бойынша, Зайдан ауданының әкімі Аэлита Ахметсәлімқызының шешесінің көрші жатқан Күршім әкімдігінен тапсырыс алуы заңсыз емес. Бірақ бұрын облыс мәслихатында депутат болған, қазір лауазымды мемлекеттік қызмет атқаратын қызы егде жастағы шешесінің жыл сайын маса улауға миллиондаған теңге тендер алуына ықпал етуі мүмкін бе? Біз Күршім ауданының әкімдігінен осылай сұрадық. Әкімдік Азаттықтың бірнеше сауалына жауап бергенімен, осы сұрақты елеусіз қалдырған.

Азаттық сондай-ақ масаны улауға мемлекеттен ондаған миллион теңге ақша алып, мәселені шеше алмаған "Зайсан аудандық дезинфекция станциясына" сұрақ қойғысы келді, бірақ станция басшысы Шиармен Әбішева телефон қоңырауын алмады, хабарламаға жауап бермеді.

Your browser doesn’t support HTML5

Шешесі "маса улайды", өзі "аң аулайды". Шығыстағы миллионер әкім