Астана соты Қаңтар оқиғасынан соң жазықсыз қамалған Өскемен тұрғынына белгіленген моральдық өтемақыны азайтты

Ренат Жұбақов. Өскемен, 11 шілде 2023 жыл.

Астананың азаматтық істер жөніндегі сот алқасы Қаңтар оқиғасынан кейін "екі ай жазықсыз қамалған" Өскемен тұрғыны Ренат Жұбақовқа белгіленген моральдық өтемақы мөлшерін 5 миллион теңгеден 2 миллион теңгеге азайтты. Бұл жөнінде бүгін, 2 тамызда жауапкер – қаржы министрлігінің апелляциялық шағымы қаралған онлайн сот отырысында белгілі болды.

Қаржы министрлігі шағымда "моральдық шығынды Ренат Жұбақовқа залал келтірген құқық қорғау органдарының өзі төлеуі керек" деп көрсеткен. Бірақ судья бұл шағымды қараусыз қалдырды, қаржы министрлігін жауапкершіліктен босатпады.

Алайда прокурор өтемақы мөлшерін азайтуды сұрады. "Өтемақы мөлшерін 5 миллион теңгеден 3 миллион теңгеге азайтуды сұраймын" деді прокурор.

Судья өтемақыны 2 миллион теңгеге түсіру жөнінде шешім қабылданғанын айтты.

Өскемен тұрғыны Ренат Жұбақов сот отырысынан кейін Азаттық тілшісіне шешіммен келіспейтінін жеткізді.

– Қаржы министрлігі моральдық өтемақыны азайтуды сұраған жоқ. Тек оны құқық қорғау органдары төлесін деді. Соманы азайту мәселесі неге алға шыққанын түсінбеймін. Мен бірінші рет шағым түсіргенде 30 миллион теңге талап еткенмін. Сол бойынша мамырда болған сотта прокурор 5 миллион теңге сұрап еді. Ақыры сол жолы 5 миллион теңгеге түсірген де болатын. Бүгін прокурор ол сөзінен айнып, тағы да түсіру керек деп айтты. Неге бұлай болып жатқанын ешкім ашып айтпайды. Ұғынықсыз, – деді Ренат Жұбақов.

26 мамырда Астананың Есіл аудандық соты Қаңтар оқиғасы кезінде "азапталғанын" айтқан өскемендік Ренат Жұбақовтың моральдық өтемақы алуға берген талабын ішінара қанағаттандырған. Ол қаржы министрлігінен 30 миллион теңге моральдық өтемақы талап еткен. Ал сот 5 миллион теңге өтемақы беру жөнінде шешім шығарған.

11 шілдеде қаржы министрлігі Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына жүгінді. Ведомство Қаңтар оқиғасынан кейін қамалған Ренат Жұбақов "заңсыз қылмыстық жауапкершілікке тартылған", сондықтан оған өтемақыны тікелей залал келтіруші - құқық қорғау органдары өтеп беруге тиіс деген.

Ренат Жұбақов Қаңтар оқиғасынан кейін ұсталып, екі ай қамауда болған. Тоғыз ай қаладан шықпау туралы қолхатпен жүрген. Кейін 2022 жылы желтоқсанда оның “кінәсі дәлелденбегендіктен” жауапкершіліктен босатылған. ШҚО прокуратурасы кешірім сұраған.

Ол Азаттыққа бірнеше өскемендік азаматпен бірге қамау орындарында азапталғанын айтқан. 4 шілдеде Астана қалалық әкімшілік соты Қаңтар оқиғасы кезінде жараланған, әрі азапталып, екі көзінен айырылған 38 жастағы Ермек Әбдірешовтың өтемақы туралы талап арызына байланысты істі қарағанда прокурор өтемақы төлеуге тиіс орган ретінде қаржы министрлігін атаған. Алайда сотқа келген қаржы министрлігінің өкілі Мүнира Кәрімова "өтемақыны Әбдірешовтің денсаулығына залал келтірген ведомстводан сұрау керек" деген уәж айтқан. Судья Назгүл Арапбаева сот шешімін кейінге қалдырған.

Қаржы министрлігі бұдан бұрын Өскемен тұрғыны, Қаңтар оқиғасының қатысқан Ерқанат Жеңісұлына да өтемақы төлеуге келіспеген. Астананың Есіл аудандық соты Жеңісұлына 10 миллион теңге моральдық өтемақы беріледі деп шешім шығарған. Бірақ қаржы министрлігі апелляциялық сатыда өтемақыны құқық қорғау органдары беруге тиіс деген уәж айтқан.

Апелляциялық сот қаржы министрлігін жауапкершіліктен босатпаған, алайда 26 сәуірде өтемақы мөлшерін екі еседен артық - 3 миллион теңгеге азайтқан.