Түркияда жол апатынан зардап шеккен екінші қазақстандық қаза болды

TURKEY-USA/EMBASSY

Түркияда жол апатынан зардап шеккен Қазақстанның тағы бір азаматы қаза болды. Осылайша жол апатынан опат болған қазақстандықтар екі адамға жетті.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, екінші азамат 2 тамызда түнде Алания мемлекеттік емханасында көз жұмған.

"Түрік дәрігерлерінің ақпаратына қарағанда, кеше түнде (2 тамызда) Аланияның мемлекеттік ауруханасында Қазақстанның тағы бір азаматы көз жұмған. Қазір туыстары ауруханада жүр. Оларға қажетті көмек беріліп жатыр. Құжаттар рәсімделгеннен кейін марқұмның денесі Қазақстанға жіберіледі" деді министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияров.

30 шілдеде Түркияның Алания ауданының Анталья провинциясында Қазақстан туристері мінген автобус апатқа ұшырап, оннан астам адам зардап шеккен. Автобуста Қазақстанның 12 азаматы болған: екеуіне операция жасалған. Бұған дейін жағдайлары орташа ауыр деп бағаланған. 31 шілдеде зардап шеккендердің бірі ауруханада көз жұмды. Марқұмның денесі Қазақстанға жеткізілген.

Ақпаратқа қарағанда, қатты жылдамдықпен жүрген автобус жүргізушісі жүк көлігіне соқтығысқан. Осыған дейін жүргізуші мен гид оқиға орнында опат болғанын Түркия басылымдары жазған.