Ақтөбе полициясы Марат Жыланбаевтың үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша облыс аумағындағы 22 белсендіден жауап алған. Полицияға шақырылғандардың бірі, Қандыағаш қаласының тұрғыны Берік Ноғаевтың айтуынша, хаттамада марафоншы Жыланбаев туралы сұрақ болмаған.
- Мұғалжар аудандық полиция бөліміне екі адам болып бардық. Екеуміз де Марат Жыланбаевтың үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша куә екенбіз. Бірақ сол баяғы Әблязов, "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (Қазақстанда "экстремистік ұйым" деп танылғанмен Еуропарламент "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған – ред.) туралы сұрады. Мен "Жыланбаевпен таныс емеспін" деп полицияның сұрақтарына жауап беруден бас тарттым, - дейді Берік Ноғаев.
Қобдалық белсенді Әлібек Қарағұлов та полицияға шақырылғанын айтады. Бірақ ол қазір вахталық әдіспен жұмыс істеп, Атырау облысында жүргендіктен бармаған.
Ақтөбе қаласында тұратын Айнагүл Төбетовадан полиция 22 шілдеде, Ахмет Сәрсенғалиевтан 1 тамыз күні жауап алған. Айнагүл Төбетова полиция бөлімшесінде тергеушіден өзге тағы екі адам болғанын айтады.
– Бірі қазақ, екінші орыс тілінде сөйлейтін екі адам "Марат Жыланбаевты танисыз ба?" деп сұрады. Жыланбаевты кім танымайды екен? Оны бүкіл әлем біледі. Танимын дедім. "Қашаннан бері "Алға, Қазақстан" партиясының мүшесісіз?" деді. "Ол партияға мүше емесімді беске білесіңдер ғой" деп едім, "білеміз" деді. Шынымды айтсам, түк түсінгенім жоқ. Жыланбаев қайда, Ақтөбе қайда? – дейді Айнагүл Төбетова.
Ақтөбе полициясы Азаттықтың "Марат Жыланбаевтың үстінен қозғалған қылмыстық іс пен жергілікті белсенділердің байланысы бар ма?" деген сауалына жауап бермеді.
Биыл 25 мамырда Астана соты "тыйым салынған ұйымның ісіне араласу" және "экстремистік ұйымды қаржыландыру" баптары бойынша күдікке ілінген Марат Жыланбаевты екі айға қамаған. 23 шілдеде сот оны қамау мерзімін тағы бір айға ұзартқан. Адвокаты бұған дейін абақтыдағы белсендінің денсаулығы нашарлағанын айтқан. Танымал марафоншы, билік сыншысы, азаматтық белсенді Марат Жыланбаев тағылған айыптарды жоққа шығарған.
Ол биыл кезектен тыс парламент сайлауына депутаттықтан үміткер ретінде тіркелген. Билік оны "ерте үгіт-насихат жасады" деп айыптап, оған әкімшілік іс қозғады. Ақыры оны кандидаттар қатарынан алып тасталды.
Өзінің сайлауалды бағдарламасында Жыланбаев Қаңтар оқиғасын тергеуді, қантөгістен зардап шеккендерге өтемақы төлеуді, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев пен оның отбасына қатысты тергеу жүргізуге шақырған.
Мамырдың басында Астана полициясы Жыланбаевты Батыс елдерінің өкілдіктері алдында бейбіт митинг өткізгені үшін 20 тәулікке қамаған. Акцияға қатысушылар "Путинге көмектескені үшін" Қазақстан билігіне санкция салуға үндеген.
60 жастағы Марат Жыланбаев кейінгі кезде билікті қатаң сынап, бейбіт акцияларға қатысып келген. Ол биыл қыста Павлодар облысындағы жылу дағдарысы кезінде жақтастарымен бірге Екібастұз тұрғындарын қолдаған.
Билік ол тіркемек болған оппозициялық "Алға, Қазақстан" партиясының тіркеу туралы өтінішін жуырда 17-рет кері қайтарды.
Әлемнің 39 елінде демократия белсенділері мен құқық қорғаушылар, адвокаттар мен журналистерді біріктіретін World Liberty Congress үкіметтік емес ұйымы жуырда "Марат Жыланбаев жөн-жосықсыз ұсталды" деп таныған. 1 шілдеде қазақстандық құқық қорғаушылардың оны "саяси тұтқындар" қатарына қосқаны белгілі болды.