Ақтөбеде "Қаңтар ісі" бойынша ақталған тұрғын заңсыз қамағаны үшін мемлекеттен 6 млн теңге өндіріп алды

Ақтөбедегі Қаңтар оқиғасынан соң айып тағылып, қаңтар айында тергеу абақтысына қамалған Ернұр Әжниязов (суретте) сот залындағы әйнек қоршаудың ішінде отыр. Ақтөбе, 14 қазан 2022 жыл.

Ақтөбеде "Қаңтар ісі" бойынша бір жылдан астам уақыт қамауда болып, кейін ақталып шыққан тұрғын Ернұр Әжниязов моральдық өтемақы ретінде мемлекеттен 6 млн теңге өндіріп алды. Мемлекетті "заңсыз қамағаны үшін" сотқа беріп, моральдық өтемақы ретінде 30 млн теңге сұраған тұрғынның өтінішін сот жартылай қанағаттандырды, деп жазды "Диапазон" басылымы.

Сот қаржы министрлігін мемлекет бюджеті есебінен Ернұр Әжниязовқа моральдық өтемақы ретінде - 5 млн теңге, адвокаттар шығынына 1 млн теңге төлеуге міндеттеген. Оған өтемақы салық төлеушілер есебінен беріледі.

Соттың айтуынша, қамалғанға дейін жоғары білімі бар, көлік жөндеумен айналысқан 4 баланың әкесі Ернұр Әжниязовтың жұрт арасында "жаман аты" болмаған. Қамалғаннан кейін оның отбасын қартайған әке-шешесі зейнетақыға асырауларына тура келген. Ал изоляторда Әжниязовтың денсаулығы нашарлаған. Сот Әжниязов 1 жыл 24 күн заңсыз қамауда болды деген қорытынды шығарған.

Биыл ақпанда Ақтөбе соты Қаңтар ісі бойынша айыпталған 18 адамның екеуін ақтап (бірі Ернұр Әжниязов), 16 адамға түрлі жаза кескен. Сәуір айында апелляция алқасы үкімді өзгертпеген. Ол кезде прокуратура Әжниязовты ақтау туралы үкімге де шағым түсірген еді. Сот сотталғандардың да, прокуратураның да апелляциялық шағымын қанағаттандырмады.

Бұған дейін Қазақстанның түрлі өңірінде Қаңтар кезінде заңсыз қамалғанын айтқан азаматтар мемлекеттен "заңсыз қамауда ұстағаны үшін" моральдық өтемақы талап еткен. Кейбірінің өтініші ішінара орындалды. Биыл мамырда Астана соты Қаңтар оқиғасы кезінде "азапталғанын" айтқан өскемендік Ренат Жұбақовтың моральдық өтемақы алуға берген талабын ішінара қанағаттандырған. Ол қаржы министрлігінен 30 миллион теңге моральдық өтемақы талап еткен. Ал сот 5 миллион теңге өтемақы беру жөнінде шешім шығарған. Моральдық өтемақы көлемімен келіспеген Жұбақов шешімді апелляцияға берген. 2 тамызда сот алқасы Ренат Жұбақовқа белгіленген моральдық өтемақы мөлшерін 5 миллион теңгеден 2 миллион теңгеге азайтты. Жұбақов шешіммен келіспейді. Қазір кейбір істер жалғасып жатыр.