Сауд Арабиясының Жидда қаласында Украина бойынша екі күндік келіссөз басталды. Оған әлемнің 40 елінің ұлттық қауіпсіздік және саяси кеңесшілері жиналды. Оған Ресей шақырылмаған. Ақпарат құралдарының жазуынша, Эр-Рияд өткен кездесу жөнінде Мәскеуді хабардар етпек.
Келіссөз кезінде Киев бұған дейін президент Владимир Зеленский айтқан бейбітшілік формуласын таныстырады.
Зеленскийдің жоспары 10 пунктіден тұрады. Атап айтқанда, онда Украинаның ядролық, энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігі, тұтқындар мен депортацияланғандарды босату, сонымен бірге БҰҰ-ның территориялық тұтастықты сақтау туралы жарғысына қатысты тұстар бар.
The Wall Street Journal басылымының мәліметінше, Жиддадағы келіссөз кезінде АҚШ және Еуроодақ Украинаны халықаралық қолдау мәселесін қозғамақ.
Кездесуге Қытайдың Еуразия істері жөніндегі өкілі және Ресейдегі бұрынғы елшісі Ли Хуэй де қатысып жатыр. Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба Пекин өкілінің Сауд Арабияға сапарын "ілгерілеушілік" деп атады.
Кремль келіссөздің барысын мұқият бақылайтынын мәлімдеді.