Варшавада белорус оппозицияcы "Жаңа Беларусь" паспортын таныстырды. Мұны Азаттық радиосының Белорус қызметі хабарлады.
Беларусьтің біріккен өтпелі кабинетінің халықаралық істер бойынша өкілі Валерий Ковалевскийдің хабарына қарағанда, оппозиционерлер "Еуропа дәстүрі" ескеріле отырып жасалған жаңа құжатты тану жөнінде Еуропа одағының өкілдерімен келіссөз бастаған. "Жаңа Беларусь" паспорты дизайны жағынан Еуропа одағының паспортына ұқсайды. Онда Беларусьте ресми тіл саналатын орыс тілінде ақпарат жазылмаған.
2020 жылы болған жаппай наразылық акциясынан кейін қуғын-сүргін күшейіп, елінен кеткен белорустар күрт көбейген соң Александр Лукашенко режиміне бағынышты Беларусь дипломатиялық өкілдігінен паспорт айырбастау қиындай түскеніне байланысты оппозиция "Жаңа Беларусь" ұлттық паспортын жасауға кіріскен.
Жаңа паспорт үлгісі президенттікке бұрынғы кандидат Светлана Тихановскаяның Варшавадағы кеңсесі өткізетін "Жаңа Беларусь - 2023" конференциясы қарсаңында таныстырылған.
"Бұл конференцияда жаңа Беларусь қандай болуға тиістігін, оған қалай жетуге болатынын айтамыз. Ол үшін қандай реформа керектігін, өз күресіміздің әдіс-тәсілдері мен "саяси тұтқындарды" қолдау жолдарымызды және көршілермен қарым-қатынас пен Беларусьті Еуропа картасына қайта оралту мәселесін сөз етеміз. Қазір бұл жолдың қай тұсындамыз - басында ма, әлде соңындамыз ба, айту қиын. Бұл жолда қателіктер де болмай қоймайды. Қалай болғанда бұл жолдан тек бірге өтеміз" деді Тихановская сөзінде.
Беларустың біріккен өтпелі кабинетінің өкілі Павел Латушко саяси тұтқындар көбейіп, саяси қуғын-сүргін көбейгеніне және Лукашенко режимінің Украинаға қарсы агрессияға қатысуына байланысты Беларусь еліндегі жағдай 2020 жылдағыдан да қиындай түскенін айтты.
Оппозиция мәліметіне қарағанда, қазір Беларусь елінде 1800-ге жуық "саяси тұтқын" бар. Оның 196-сы әйелдер, сегізі - кәмелетке толмағандар. Латушконың сөзінше, оларды Лукашенконы биліктен тайдыру арқылы ғана шығаруға болады.
Ресей оппозициясының кей өкілдері де көктемде соғысқа қарсылық білдіріп, Ресейден кеткендерге арнап "Жаңа Беларусь" паспортына ұқсас уақытша құжат ұсынған. Бірақ ол әлеуметтік желідегі талқыдан аспаған.