Ұлыбританияда Ірі көлемдегі алаяқтықпен күрес бюросы (Serious Fraud Office, SFO) Гүлнара Каримоваға тиесілі үш жылжымайтын мүлікті тәркіледі. Бұл туралы өзбек басылымдары жазды.
Әңгіме Лондонның элиталы Белгравия ауданындағы екі пәтер және Суррей графтығындағы зәулім сарай жөнінде болып отыр. Бұлардың жалпы құны 20 миллион фунтқа бағаланады.
SFO атап өткендай, Каримова бұл мүліктерді Өзбекстандағы коррупциялық әрекетінен түскен қаражатқа сатып алған.
"Каримова 2004 жылдан 2012 жылға дейін Өзбекстан нарығына кіруді қалаған телекоммуникациялық компанияларға көмек беріп, бұл үшін жүз миллиондаған доллар пара алған" деп жазылған мекеме мәліметінде.
SFO Каримованың Британиядағы активтерін, оның ішінде аталған үш мүлкін тәркілеу үшін сотқа 2018 жылы қайрылған. 8 тамызда Ұлыбритания Жоғарғы соты бұл өтінішін қанағаттандырған.
Гүлнара Каримова 2019 жылдың жазынан бері Өзбекстандағы әйелдер абақтысында отыр. Ол "жеке мүлікті тартып алу", "Қылмыстық жолмен табылған кірісті заңдастыру" секілді баптар бойынша 2020 жылдың 18 наурызында 13 жыл төрт айға еркінен ажыратылған.
Гүлнара Каримоваға Швейцария, Франция, АҚШ және басқа елдердегі активтерінің жалпы сомасы 1,4 миллиард долларға бағаланып отыр. Өзбекстан билігі олардың бір бөлігін қайтаруға әрекет етіп жатыр.