Қытай қазақтарының құқығын қорғаумен айналысатын "Атажұрт" ұйымы өздерін саяси партия етіп тіркеуді сұрап, әділет министрлігіне екінші мәрте құжат тапсырды. Партияны тіркеуге тырысып жүрген белсенділер соңғы кезде биліктен қысым күшейді дейді.
"Атажұрт" партиясын құру жөніндегі бастамашы топ басшысы Бекзат Мақсұтханұлы бұл жолы да 700-ден астам адамның қолы мен видеожазбасын әкелген. Оның сөзінше, 24 сәуірде Қазақстанның әділет министрлігі партияны тіркеу жөніндегі құжаттарды кері қайтарған. Құзырлы орган өкілдерінің айтуынша, партияны құруды қолдаған адамдар тізімінде "кәмелетке толмағандар мен басқа партияға мүше азаматтар бар".
Бекзат Мақсұтханұлының айтуынша, алдыңғы тапсырған адамдар тізімі әділет министрлігінен полиция мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің қолына түскен болуы мүмкін. "Тізімдегі адамдарға хабарласып, қоқан-лоқы жасайтындар көбейген" дейді ол.
"Атажұртты" қолдайтындар көбейген сайын кедергі де артты дейді белсенділер. Жақында әлдекімдер "Атажұрт" атынан ақша хабарландыру беріп, ақша жинаған.
Партияның аймақтардағы жақтастары Астанаға үлкен кедергімен жеткенін айтады. Өскеменнен келген Индира Қасымханованың айтуынша, сондағы "Атажұрт" филиалының жетекшісі Ермек Керімбек жолға шығамын деп отырғанда көлігінің мемлекеттік нөмірін біреулер шешіп алып кеткен, ал өзі келіскен такси жүргізушісін полицияға шақыртқан.
– Біз ешқандай басбұзар емеспіз, Атазаңымыз бойынша құқығымызды пайдаланып партия құрғалы жатқан адамдармыз, – дейді Индира Қасымханова.
Әділет министрлігі баспасөз қызметінің басшысы Аида Лурова "Атажұртты" тіркеудегі мәселелердің анық-қанығына көз жеткізіп, қайта қоңырау шалуға уәде бергенімен, осы жаңалық шыққанға дейін хабарласпады.
"Атажұрт" саяси партиясын тіркеуді көздеп жүрген топ "Нағыз Атажұрт" деген атпен танылған. Оның мүшелері 2016 жылдан бері Шыңжаң қазақтарының түрлі мәселелерін көтеріп келеді.
"Атажұрт" Қазақстанда тіркеле алмай жүрген жалғыз партия емес. "Алға, Қазақстан" оппозициялық ұйымы да 17 мәрте құжат тапсырып тіркеле алмаған. Бұдан бөлек "Қазақстанның демократиялық патиясы", "Ел тірегі" партиялары да ресми түрде тіркелуге тырысып келеді. "Біздің таңдау" партиясын тіркеуге талпынған оппозициялық саясаткерлер биыл мамырда "билік тәуелсіз партияларды тіркеуге құлықсыз болғандықтан", жұмысын тоқтататынын мәлімдеген.
Қаңтар оқиғасынан соң президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда саяси партияларды тіркеу жеңілдейтінін айтқан. Заңға енген түзетулер бойынша саяси партияны тіркеу туралы бастамашыл топ бұрынғыдай 1 мың емес, 700 адамның қолын өткізуі тиіс. Партиядағы мүше саны 20 мыңнан 5 мың адамға дейін азайды. Содан бері "Байтақ" жасылдар партиясы мен "Республика" кәсіпкерлер партиясы тіркеуден өтті. Екеуі де билікті қолдайтын партия саналады. Елде қазір ресми тіркелген 7 саяси партия бар.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Талпыныс пен тосқауыл. Ақорда партия тіркеуді жеңілдету жайлы уәдесін орындауға асығар емес