АҚШ пен Еуроодақ елдері санкцияға қарамастан Ресейдің ураны мен ядролық технологиясын сатып алуды доғармаған. Соғыс басталғалы белі олар "Росатоммен" кем дегенде құны 1,7 миллиард долларға пара-пар мәміле жасаған. Бұл жөнінде Associated Press-тің зерттеуінде айтылады.
АҚШ пен Еуроодақ санкциясы ядролық технология саласындағы ынтымақтастыққа тыйым салмаған. Батыс елдері азаматтық реакторлар үшін ресейлік отынға, реактордың өзіне де тәуелді. Ресейлік уранды тұтыну көлемі АҚШ-та — 12 пайыз, ал Еуроодақта – 17 пайыз. Еуростат дерегіне қарағанда, 2022 жылы Еуроодақ елдері Ресейдің атом өнімдеріне, соның ішінде реакторлар мен жабдықтарға 828 миллион доллар жұмсаған.
Associated Press мәліметінше, ресейлік отын мен технологияны сатып алу деңгейі артып барады. ImportGenius сарапшыларының бағалауынша, 2020 жылы АҚШ Ресейден 6,3 тонна уран импорттаса, 2022 жылы оның көлемі 12,5 тоннаға жеткен. БҰҰ мәліметінше, Франция Ресейден 2021 жылы 110 тонна уран, ал 2022 жылы 312 тонна сатып алған.
Еуропада ресейлік жоба бойынша 19 атом реакторы жұмыс істейді. Қазіргі таңда "Росатом" әлемнің 10 елінде 33 жаңа реактор салып жатыр, оның біреуі – Францияда.
Еуропадағы экологтар мен белсенділер ЕО-ны осыған дейін Ресейдің ядролық отынынан бас тартып, санкция салуға үндеген. Былтыр Ресей әскері Запорожье атом электр станциясын басып алғаннан кейін Украина президенті Владимир Зеленский "Росатомға" қарсы санкция енгізуге шақырған. Зеленский атом электр станциясын басқарған ресейлік компания Украина ғана емес, бүкіл Еуропаға қауіп төндіретінін айтқан.
Еуропа елдері ішінен Швеция ғана ядролық отын мен технологияларды сатып алудан толық бас тартқан. Финляндия, Чехия, Болгария, Словакия елдері де осы бағытта келе жатыр. Олар басқа тасымалдаушы іздеп жатыр. Соның бірі — әлемдегі ең ірі уран өндіруші Қазақстан болуы мүмкін.