Бүгін Ұлытау облысының Сәтбаев қаласында "Қазақмыс" шахтёрлары мен өзге де кәсіпорын қызметкерлері ереуілге шығып, оларымен келіссөзге "Қазақмыс" корпорациясының жетекшілігі келген. Бұл ақпаратты екі жақ та растады. Бастамашыл топпен келіссөз басталған.
— Корпорация жетекшілігі келіссөз жүргізу үшін шахтаға түсті. Бірақ талабымыз орындалғанша ереуілді тоқтатпаймыз,- деді Азаттыққа ереуілшілердің бірі.
"Қазақмыс" корпорациясы болып жатқан жағдайды түсіндіріп, кеніште жұмыс тоқтап қалғанын айтты. Компания мәліметіне қарағанда, шахтёрларға мердігер мекемелердің қызметкерлері де қосылған. Алайда компания ереуілге шыққандардың да, тоқтап қалған кәсіпорындардың да нақты санын айтпады.
— 14 тамызда шахтерлар мен Сәтбаев өндірістік алаңына түнгі ауысымға келген №65 шахтаның мердігер ұйымдарының қызметкерлері жұмысын тоқтататынын жариялады. Оларға "Қазақмыс" басшылығы, прокуратура мен ҰКҚ қызметкерлері, жергілікті билік өкілдері барды. Қазір келіссөз жүріп жатыр, жедел штаб жұмыс істеп тұр,- деді "Қазақмыстың" баспасөз қызметі Азаттыққа.
Жұмысшылардың сөзінше, ереуілге жүздеген адам шыққан. Олардың айтуынша, еңбек жағдайының нашарлығына наразылық көптен бар.
"Қазақмыс" Қазақстандағы ғана емес, әлемдегі ең ірі мыс өндіруші компания саналады. Компания құрамына геологиялық барлау мекемесі, 13 кеніш, 4 байыту комбинаты, екі мыс қорыту зауыты, екі көмір разрезі және жылу-энергетика кешені кіреді. Негізгі өндіріс Ұлытау және Қарағанды облыстарына шоғырланған. Компания мәліметіне қарағанда, "Қазақмыс" кәсіпорындарында 38 мыңнан астам адам жұмыс істейді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қазақмыс" жұмысшылары Тоқаевтан компанияны мемлекет меншігіне қайтаруды сұрады ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаевтың Астанадағы бір резиденциясы "Қазақмыс" корпорациясына өтті