Украина батыс әріптестерінен америкалық F-16 жойғыш ұшағын күзде де, қыста да ала алмайды. Бұл жөнінде Украина әуе күштерінің ресми өкілі Юрий Игнат мәлімдеді.
Оның сөзінше, украин әскері бұл жойғыш ұшақтарға көп үміт артқан, себебі олар Ресей ракеталары мен жойғыш ұшақтарының соққысынан қорғануға көмектесе алған болар еді.
Юрий Игнат қазір украин ұшқыштарын жаттықтыру мәселесі "іс жүзінде жылжи бастағанын" да айтты.
Бұған дейін Украина қорғаныс министрі Алексей Резников украин ұшқыштарын F-16 ұшағын басқаруға үйрету тамызда басталатынын айтқан.
Ал Politico дереккөзі осыған дейін украин ұшқыштарын оқыту жылдың соңында басталады, ал алғашқы ұшақтар Украинаға 2024 жылдың көктемінен ерте келмейді деген.
Шілде айында Politico журналы Дания мен Нидерланд бастаған 11 елден құралған коалиция украин ұшқыштарын F-16 жойғыш ұшақтарын басқарып үйретуге дайын екенін, алайда ол үшін ұшақты шығарушы ел АҚШ-тың ресми рұқсаты қажет екенін хабарлаған. Тамыздың басында АҚШ президенті Джо Байден украин ұшқыштарын F-16 жойғыш ұшағын басқарып үйретуге рұқсат берген.
Басылымның жазуынша, дегенмен 11 елдің ешқайсысы әзірге ол бағдарлама үшін ұшақ бөлмеген.
Ресей басқыншылығы басталғалы бері әскери авиациясының едәуір бөлігінен айырылған Украина батыстағы әріптестерін соңғы үлгідегі жойғыш ұшақтарды мүмкіндігінше жылдам беруге асықтырып келеді. Алайда Америка шенеуніктері мұндай ұшақтар Украинаға қайта шабуылына көмектесе алмайды деп санайды, деп жазды The Washington Post.