Жексенбіге қараған түні Ресейдің Курск қаласында темір жол аумағында жарылыс болды. 5 адамның денесіне әйнектер кіріп, жеңіл жарақат алған. Облыс билігінің хабарлауынша, украин дроны шабуыл жасаған.
Курск облысының губернаторы Роман Старовойт дрон вокзал төбесіне түсіп, өрт шыққанын растады.
Оқиға орнында құтқару қызметінің өкілдері жұмыс істеп жатыр, зардап шеккендерге көмек көрсетіліп жатыр.
Ресей қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, Мәскеу облысында ұшақ тектес тағы бір дрон атып түсірілген. Ол Мәскеу қаласына бағытталған болуы ықтимал. Ешкім зардап шекпеген.
Жексенбі күні Ростов облысының губернаторы Василий Голубев те облыс аумағында әуе қорғаныс жүйесі үш камикадзе дронын атып түсіргенін хабарлады. Олардың екеуі Каменскідегі әскери бөлімнің маңына құлаған, біреуі Новошахтинск маңына түскен. Ешкім зардап шекпеген.
- Украинамен шектесетін Курск облысы Ресейдің шекарадағы өзге облыстары тәрізді кейінгі кезде артиллериялық атқылаулар мен дрондар шабуылына жиі ұшырап жатыр. Киев шабуылға түсініктеме бермеді.