Мәскеу тағы дрон шабуылына ұшырады, әуежайлар қайта жабылды

Сейсенбіге қараған түні Мәскеу түбінде екі дрон, Украинамен шекаралас Брянск облысында да екі дрон атып түсірілді. Бұл жөнінде Ресей қорғаныс министрлігі хабарлады. Дрон шабуылынан зардап шеккендер жоқ.

Мәскеу мэрі Сергей Собяниннің айтуынша, дрондардың бірі Мәскеудің батысындағы Красногорск қаласында, екіншісі Часцы ауылы маңында атып түсірілген. Собянин телеграм-арнасында "оқиға орнына арнайы қызмет өкілдері кетті" деп жазды.

Мәскеу облысының губернаторы Андрей Воробьевтің хабарлауынша, Красногорскіде дрон бөлшектерінен көп қабатты үйдің терезелері шағылып, тұрақта тұрған көліктер бүлінген. "Тұрғындар арасында зардап шеккендер жоқ, өрт те жоқ" деді Воробьев.

Красногорск қаласы Мәскеудің батыс шетіне іргелес, ал Часцы ауылы Ресей астанасынан оңтүстік-батыста 30 шақырым жерде орналасқан.

Дрон шабуылынан кейін Мәскеудің Внуково, Домодедово және Шереметьево әуежайлары қайтадан жұмысын тоқтатты. Ақпаратқа қарағанда, 31 рейс кешіккен. Baza телеграм-арнасының жазуынша, Мәскеу әуежайларында тағы да "Ковёр" режимі жарияланған.

Кейінгі кезде Мәскеу қаласына дрон шабуылы жиілеген. Ресей бұған Украинаны айыптайды. Ал Киев бұл айыптауларға жауап бермейді.